28.04.2026 күні филология факультеті, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасы, Шетел филологиясы мамандығының 3-курс студенттерімен «Шетел филологисы(батыс тілдері)» магистранты А.И Муса «Қазақ- Қырғыз — бір туған» тақырыбында тәрие сағатын өткізді. Тәрбие сағаты барысында қазақ және қырғыз халықтарының ортақ тарихи тамыры, тілдік ұқсастығы мен мәдени мұрасы кеңінен талқыланды.

Тәрбие сағатының мақсаты студенттердің бойында қазақ және қырғыз халықтарының тарихи, тілдік және мәдени туыстығы туралы терең түсінік қалыптастыру; екі бауырлас халықтың ортақ түркілік тамырына, рухани құндылықтарына және ұлттық дәстүрлеріне деген құрмет сезімін ояту; студенттердің ұлтаралық төзімділік пен мәдениетаралық қарым-қатынас мәдениетін дамыту; жас ұрпақты ана тілін, ұлттық сананы және түркі әлемінің бірлігін қастерлеуге, патриоттық рухта тәрбиелеу; сонымен қатар студенттердің тілдік құзыреттілігін, салыстырмалы талдау дағдылары мен сыни ойлау қабілетін арттыру.
Студенттермен бірге екі халықтың ежелден бір түркі шаңырағынан тарағанын, ұқсас көшпелі мәдениетке, бірдей әдет-ғұрыпқа және ортақ рухани құндылықтарға ие екенін терең талдады. Қазақ тіліндегі «ана», «нан», «көз», «жылқы» сияқты сөздердің қырғыз тіліндегі баламаларымен ұқсастығы көрсетіліп, тілдік туыстыққа дәлелдер келтірілді. Іс-шара барысында тақырыпқа арналған бейнематериал көрсетіліп, қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ дәстүрлері — киіз үй (боз үй), қонақжайлық, дастархан мәдениеті, бүркіт салу өнері, дәстүрлі ас-ауқат туралы құнды мәліметтер берілді. «Манас», «Қобыланды», «Алпамыс» эпостарының рухани байланысы атап өтілді. Тәрбие сағатына арнайы қатысқан PhD Г.Н. Искакова өз сөзінде қазақ және қырғыз халықтарының тарихи тағдыры мен мәдени мұрасының бір өзектен өрбігенін атап өтіп, бүгінгі жаһандану дәуірінде түркі халықтарының рухани бірлігін сақтау мен дамытудың маңыздылығын ерекше баса айтты.
Студенттерге арнайы дайындалған қызықты тапсырмалар орындалды: қазақ-қырғыз сөздерін сәйкестендіру, «Дұрыс па, бұрыс па?» жаттығуы, сөйлемді толықтыру және жұппен талқылау тапсырмасы. Студенттер белсенді қатысып, өз пікірлерін ортаға салды, екі бауырлас халықтың ұқсастықтарын ашуға атсалысты. Іс-шара қазақ пен қырғыз халықтарының рухани жақындығын сезінуге, студенттердің тілдік құзыреттілігін арттыруға және мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті
Тәрбие сағаты алға қойылған мақсатқа толық жетті.Тәрбие сағаты студенттердің бойында түркі халықтарының бірлігі мен рухани жақындығына деген мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық сана-сезімін, патриоттық рухын және мәдениетаралық қарым-қатынас мәдениетін нығайтты. Іс-шара жоғары идеялық-тәрбиелік деңгейде өтті деп бағаланады.