ҚазҰУ-да Орталық Азияның тұрақты даму стратегиялары сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлеуметтік жұмыс іс-әрекетте: Орталық Азияда тұрақты дамуды ілгерілетудің пәнаралық және жаһандық стратегиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара әлемнің 27 елінен келген жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен практиктерді біріктіріп, әлеуметтік қорғау және гуманитарлық даму саласындағы ірі диалог алаңына айналды.
Пленарлық мәжілісті ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев әлеуметтік жұмыстың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Бүгінде бұл сала «білім сапасы адамның өмір сүру сапасымен тікелей байланысты болатын тұрақты қоғамның маңызды инфрақұрылымына» айналып отыр. Бұл ретте жоғары оқу орындарының рөлі өте жоғары.

«Университет – білім, жауапкершілік және қоғамдық игілікке қосылатын нақты үлестің кеңістігі болуы тиіс. Осы тұрғыда әлеуметтік жұмыс негізгі қоғамдық міндеттерді шешумен және адамның ар-намысын қорғаумен тікелей байланысты бағыт ретінде ерекше орын алады. Біз ҚазҰУ рөлін тек түлектерді даярлаумен ғана шектемейміз. Мәселе кәсіби стандарттарды қалыптастыру, зерттеу базасын дамыту және заманауи әлеуметтік сын-қатерлерге қарсы шешімдер әзірленетін орта құру туралы болып отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.

Тұрақты даму саласында күш біріктірудің маңыздылығын Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) Әлеуметтік жұмыс және криминология кафедрасының меңгерушісі, профессор Эрик Чуй де қолдады. Ол жаһандық трансформация мен миграциялық сын-қатерлер жағдайында ешбір пән оқшауланып, тиімді жұмыс істей алмайтынын алға тартты.

«Тұрақты даму жаһандық деңгейде іске асырылатын, бірақ жергілікті ерекшеліктерге бейімделген пәнаралық әрекеттер мен стратегияларды талап етеді. Егер біз тұрақты даму мәселелеріне байыппен қарайтын болсақ, онда түрлі секторлар мен елдер өкілдерінің пікіріне құлақ асуымыз керек. Өйткені әлеуметтік жұмыс саясатта, қоғамдық денсаулық сақтауда және жалпы қоғам өмірінде орасан зор рөл атқарады», – дей келе, профессор бұл тәсілдің Орталық Азия үшін білім беру мен ұлттық әл-ауқат мәселелерінде аса маңызды екеніне назар аударды.

Алқалы жиынға Халықаралық әлеуметтік жұмыс мектептері қауымдастығының (IASSW) президенті Антуанетта Ломбард бастаған әлемдік деңгейдегі танымал сарапшылар арнайы қатысты. Конференция барысында инновациялық шешімдердің бірегей алаңына айналған ҚазҰУ-PolyU Тұрақты даму орталығының қол жеткізген нәтижелері сараланып, өзекті жетістіктері талқыланды.

Жиын аясында жаһандық білім беру стандарттарын дамытуға және оларды Орталық Азия жағдайына бейімдеуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл қадам өңірде әлеуметтік жұмыс саласының кәсіби экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Алматыда мұндай шараның өткізілуі халықаралық стандарттарды аймақтық ерекшеліктерге бейімдей отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған жаңа кәсіби орта құруға ықпал ететінін атап өтті.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар