ҚазҰУ-да болашақ офицерлер әскери ант қабылдады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекелеріне орай, запастағы офицерлер даярлау курсын аяқтаған студенттердің әскери ант беру рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚазҰУ студенттерімен қатар, Алматы қаласындағы 16 жоғары оқу орнының Әскери кафедра түлектері қатысты.
Студенттердің өміріндегі маңызды сәтке университет басшылығы, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, факультет декандары мен оқытушылар куә болды.

Жиынды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров университет басшылығының атынан құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Әскери кафедраның отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеудегі рөлін атап өтіп, білікті маман даярлауға үлес қосқан оқытушылар құрамына алғыс білдірді.

Әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Олег Ажимов ант берудің моральдық-құқықтық жүгіне тоқталды. «Осынау айтулы күндері біз уақыт сабақтастығы мен басымыздағы бейбіт аспан үшін жауапкершілікті ерекше сезінеміз. Біздің мақсатымыз – заманауи технологияларды меңгерген әскери резервті қалыптастырып қана қоймай, Отанын шын сүйетін нағыз патриоттарды тәрбиелеу», – деді кафедра басшысы. Ол әскери анттың терең мағынасына ерекше тоқталып, бұл жай ғана ресми шара емес, жас азаматқа Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен егемендігін қорғау жолында жоғары рухани әрі құқықтық жауапкершілік жүктейтін абыройлы серт екенін атап өтті.

Салтанатты ант беру рәсімі мен саптық шеруден кейін студенттер өздерінің жауынгерлік дайындықтарын паш етті. Көрсетілім барысында зениттік қондырғы есептоптарының үйлесімді жұмысы, шабуылдаушы топтардың тактикалық әрекеттері, байланыс орнату және қоян-қолтық ұрыс тәсілдері көрсетілді.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Домбырашылар ансамблінің күмбірлеген күйі, патриоттық әндер мен түлектердің қоштасу вальсі қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

Салтанатты жиын аясында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Қонақтар мен ата-аналар Әскери кафедраның материалдық-техникалық базасымен, заманауи оқу-жаттығу құралдарымен және білім беру үдерісімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды.












Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі