Жәдігерлерді қорғау мәселелері өзектендірілдіFarabi University

91ý

Жәдігерлерді қорғау мәселелері өзектендірілді

6 мамыр 2026
Жәдігерлерді қорғау мәселелері өзектендірілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және сақтау мәселелерінің өзекті проблемалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды ғылыми форум көрнекті археолог-ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің 80 жылдық мерейтойына арналды.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан, Түркия және Орталық Азия елдерінің белгілі ғалымдары, ғылым ардагерлері, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Конференция ашылуында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылып, ведомствоның Құрмет грамотасы табысталды. «Мерейлі 80 жас – даналық пен парасаттылық, өмірлік тәжірибе мен кемелдіктің биік шыңы. Сіз осы асқаралы белесті абыроймен бағындырып, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегіңізбен ұлт ғылымының төрінен орын алдыңыз. ылым теңізіне терең бойлап, ұмыт болған ұлт қазынасын байытуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Археология саласындағы сүбелі еңбектеріңіз, ашқан тарихи мұралар егемен еліміздің асыл қазынасына айналды», – делінген хатта.

Шараны ашқан университет ректоры Жансейіт Түймебаев бұл жиынның ұлттық жадыны нығайтудағы стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. «Бұл тек мерейтойға арналған салтанатты шара ғана емес, отандық археологияның абыройын асқақтатып, тарихи-мәдени мұраны сақтау ісіне серпін беретін маңызды ғылыми алаң», – деді университет басшысы. Өз сөзінде ректор ауыл мұғалімінен әлемге танылған профессор деңгейіне көтерілген Мадияр Елеуовтің ғылымдағы орны ерекше екенін айтты. Ғалым жетекшілік еткен Тұран археологиялық экспедициясы нәтижесінде 2000-нан астам археологиялық ескерткіш ғылыми айналымға енгізілген. Сондай-ақ Ақтөбе қалашығы сияқты бірқатар тарихи нысандардың ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуінде профессордың еңбегі айрықша екені аталып өтті.

«Бүгінде сіз 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы ғана емес, сонымен қатар отандық археология мектебін қалыптастырған ұлағатты ұстазсыз. Бұл  ғалым үшін ең жоғары құрмет, ал университет үшін зор мақтаныш», – деп түйіндеді ректор.

Алқалы жиында профессордың өмір жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясындағы жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа басылым ғалымның ғылыми және педагогикалық қызметін жан-жақты қамтиды.

Конференция қатысушылары Мадияр Елеуовтің Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен керуен жолдарын зерттеуге қосқан үлесін жоғары бағалап, оның еңбектері жас зерттеушілерді жаңа ғылыми ізденістерге жетелейтінін алға тартты. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі