БАТЫР ЕРЛІГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН — ҚазҰУ

91ý

БАТЫР ЕРЛІГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

7 мамыр 2026
БАТЫР ЕРЛІГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Отан соғысындағы теңдессіз ерлігі мен батылдығы үшін Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» жоғары атағы берілді. Батырдың ұрпағы Махамбет Мәденовке айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені салтанатты түрде табысталды.

Кенжебай Мәденов – қазақтың рухты ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлының тікелей ұрпағы. Ол тарихи Берлин операциясына қатысып, жаудың басты ордасы Рейхстагтан кейінгі ең маңызды нысан – Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кірді. Ғимаратты басқыншылардан тазартып, Жеңіс туын тіккен қаһарманның ерлігі араға жылдар салып лайықты бағасын алды.

Бұл тарихи сәттің салтанат құруына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымы, п.ғ.к., доцент Абай Дүйсенбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Ол отыз жыл бойы батырдың өмірі мен ерлік жолын зерттеуге арнап, республикалық басылымдарда («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Алматы ақшамы» т.б.) 20-дан астам ауқымды мақала жариялады.

Студенттер мен мектеп оқушылары арасында батырдың есімін насихаттау бойынша үздіксіз жұмыс жүргізді. Мұрағат деректерін жаңғыртып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде Кенжебай Мәденовтің есімін ұлықтауға күш салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі