ҚазҰУ-да сән индустриясына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алла Елшін – рухани мұра» және «Qazaq Fashion» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды шараға кітап авторлары, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, сарапшы-ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттер қатысты.
Аталған еңбектер әлемдік сән индустриясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Алла Елшін тұлғасының өмірі мен шығармашылық мұрасын жаңаша пайымдауға арналған рухани-танымдық жоба. Басылымдарда архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер, замандастарының естеліктері, сарапшылар пікірі мен қоғам көзқарасы топтастырылып, оқырманға тың мазмұнда ұсынылған.

«Алла Елшін – рухани мұра» кітабының авторлары – Берлин Иришев пен Маруана Хамзақызы. Ал «Qazaq Fashion» кітабын Берлин Иришев, Гүлнара Нойманн, Дана Хассан мен Римма Самир әзірлеген.

Тұсаукесер рәсімін университеттің Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров құттықтау сөзбен ашып, бұл еңбектердің ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталды. «Мұндай еңбектер жас ұрпақтың тарихи тұлғаларды тануына, ұлттық құндылықтарды бағалауына және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға үлкен ықпал етеді. Университетте осындай рухани-мәдени жобалардың ұйымдастырылуы білім мен тәрбиенің сабақтастығын көрсетеді», – деді проректор.

Іс-шара барысында кітап авторлары Берлин Иришев, Маруана Хамзақызы, Гүлнара Нойманн және жобаға қатысушылар сөз сөйлеп, басылымның жазылу тарихы, дереккөздері мен мазмұндық ерекшеліктерін таныстырды.
«Кітап аңызға айналған Кристиан Диордың музасы Алла Елшіннің туғанына 100 жыл толуына орай жарық көрді. Әлемдік подиумда алғаш рет азиялық сұлулық пен әсемдік бейнесін танытқан модель ретіндегі оның мұрасы тек Қазақстан қоғамын ғана емес, бүкіл әлемді тамсандырды. Алла Елшіннің әлемдік мансабының жалғасы іспеттес ретінде кітапта Қазақстаннан шыққан, жаһандық сән әлемінде еңбек етіп жүрген заманауи модельдер ұсынылған. Кітап энциклопедия үлгісінде дайындалды», – деді Берлин Иришев.

Сонымен қатар оқырманға ұсынылып отырған еңбектің ғылыми-танымдық, мәдени және тәрбиелік маңызы кеңінен талқыланды.

Айта кетейік, кітаптарда 70-тен астам отандастың пікірі қамтылып, қосымша QR-код арқылы кеңейтілген мазмұн ұсынылған.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі