9 МАМЫР – ЖЕҢІС КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті соғыс және еңбек ардагерлері!
Қадірлі әріптестер, жас ғалымдар мен білім алушылар!
Сіздерді ең қастерлі мерекелердің бірі – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – Отан алдындағы перзенттік борышын өтеуде теңдессіз ерлік көрсеткен аталарымыз бен апаларымыздың, майдан мен тылда қаһармандықтың үлгісін танытқан аға буынның өшпес рухына бас иетін ұлы мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні. Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке».
Бұл атаулы күн Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін де терең мағынаға ие. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап университет ұжымы мен студенттері Отанды қорғауға білек сыбана кірісті. Қара шаңырақтың жылнамасы – майдан даласындағы жанкешті ерлік пен бейбіт күндегі ғылыми қаһармандықтың тоғысқан шежіресі.
Университетіміз мақтанышпен еске алатын есімдер қатарында Кеңес Одағының Батырлары Жолдыбай Нұрлыбаев, Александр Попов және Әскери кафедраның іргесін қалаған Василий Полевиктің есімдері алтын әріппен жазылған.
Біз соғыс өртінен аман оралып, кейін университетіміздің білімі мен ғылымын өркендеткен көрнекті тұлғаларымыз – Василий Сапа, Юрий Басин, Александр Лукьянов, Владимир Пуриц, Александр Соловьев, Ғаббас Жұматов, Владимир Фурсов, Уахит Шәлекенов, Шолпан Құсанова және өзге де ардақты ардагерлердің есімдерін ерекше құрметпен атаймыз. Бұл есімдер – бүгінгі студенттеріміз үшін отансүйгіштік пен білімге адалдықтың шынайы өнегесі.
Алайда біздің мақтанышымыз тек белгілі тұлғалармен шектелмейді. Тарих парақтарында есімі аталмаған, бірақ Отан үшін жанын пида еткен қаншама студенттеріміз бен оқытушыларымыз бар. Олардың арасында хабарсыз кеткендері де, деректері архив шаңында қалғандары да аз емес. Біз бүгін әрбір жауынгердің, әрбір тыл еңбеккерінің рухына тағзым етеміз.
Бүгінде ҚазҰУ тек ірі білім ордасы ғана емес, сонымен бірге отансүйгіштік тәрбиенің негізгі орталығы. Университет мұражайында сақталған әрбір жәдігер – сұрапыл жылдардағы зиялы қауым қайсарлығының айғағы. Ал біздің Әскери кафедрамыз заманауи технологиялармен жабдықталып, еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайтуға қабілетті сапалы мамандар даярлауда алдыңғы қатарда келеді.
Қадірлі қауым!
Біздің бүгінгі жетістіктеріміз бен бейбіт аспан астындағы ізденістеріміз – сол Жеңістің жемісі. Сіздерге сарқылмас қуат, отбасыларыңызға бақ-береке, егемен елімізге тыныштық тілеймін.
Майдангерлердің ерлігі әрқашан жадымызда, ал еңбектері еліміздің гүлденуіне арқау болсын!
Ел іргесі бүтін, тәуелсіздігіміз мәңгілікке ұлассын!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев
Басқа жаңалықтар