ЖЕҢІСТІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МАЙДАНЫ — ҚазҰУ

91ý

ЖЕҢІСТІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МАЙДАНЫ

9 мамыр 2026
ЖЕҢІСТІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МАЙДАНЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

«QAZAQ UNIVERSITETI»  газетінде жарық көрген  мақаласы

Жеңіс күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті өз тарихына қайта үңіліп, академиялық кафедраларды окоп­пен алмастырған, кейіннен егемен Қазақстан ғылымын қайта тү­леткен жандардың тағдыры арқылы өткенін саралайды. Уни­вер­ситеттің «жаңа қы­ры­нан» қарастырылған көзқарасында арда­гер­лердің ерлігі тек әскери батырлық қана емес, сонымен қатар елі­міз­дің жоғары білім беру жүйесінің этикалық кодексін қалып­тас­тырған рухани императив ретінде бағаланады.

 

БРЕСТ КАЗЕМАТЫНДАҒЫ СТУДЕНТ-ИНТЕЛЛЕКТУАЛДАР 

ҚазҰУ-дың Отан соғысына қа­ты­су тарихы 1941 жылдың мау­сымынан әл­деқайда бұрын басталған. Ма­ңыз­ды кезең­дер­дің бірі – 1940 жыл­дың ақ­панындағы шақырту болды. Сол кезде университет қа­быр­ға­сы­нан Қызыл армия қата­ры­на респуб­ли­каның болашақ зият­керлік эли­та­сы жіберілді.   Білікті кадр тапшылығы жағ­­дайын­да студенттер тех­ни­­ка­лық жағынан күрделі бө­лім­дер­ге – артиллерия мен бай­­­­ланыс әскерлеріне бө­лін­ді. Мұнда ма­тематикалық қа­білет пен жо­­ғары ой тәртібі қажет бо­ла­тын.

Брест қамалы біздің жер­лес­теріміз үшін алғашқы сынақ нүктесіне айналды. Биофактың бірінші курс студенті Владимир Иванович Фурсов 125-ші ат­қыш­тар полкы құрамында жау­ды қарсы алды. Батарея ком­со­мол ұйымының хатшысы ре­тінде сержант Фурсов үз­дік­сіз атқылау астында миномет есе­бін басқарды. Оның 1945 жылы Алматыға оралуы уни­вер­ситет тарихына «аңызға айналған оқиға» ретінде енді: вокзалда ұлын күткен анасы аяқ-қолы жараланған, балдақ ұстаған солдат (жоғалып кет­кен деп саналған өз ұлы) Вла­ди­мирді танымаған. Арада жыл­дар өткен соң дәл осы Фур­сов «Соғысқа қарғыс» атты әйгілі фотосуреттің авторы атанады. Суретте ол Брест қамалының қираған орнында 20 жылдан кейін қайтадан бал­дақпен тұрған күйінде бей­не­ленген.

Брест қорғаныс жүйесіне кірген Ковалево фортында Ғаб­бас Жұматов шайқасты. Бі­лім артиллерист-студенттерге ұйымдасқан түрде шегініп, күресті жалғастыруға мүмкін­дік берді. Бресттен Будапештке дейін гвардиялық атты әскер корпусы құрамында болған Жұматов өмір бойы достарын еске сақтап өтті. Оның 1945 жы­лы математика оқытушысы Тұрар Сатыбалдинмен Балатон көліндегі кездесуі майдандағы бауырластықтың жүрек толқы­тар айғағы болды: олар егер біреуі қаза тапса, ординарец екіншісін тауып, соңғы сәттері туралы хабар беруге келіскен. Сатыбалдин Будапештті ша­буыл­дау кезінде қаза тапты, оның соңғы қайғылы хабары Жұ­матовқа госпитальда жет­кізілді.

Бресттегі университеттік құ­рамның қасіреті ауыр болды: ҚазМУ-мен байланысы бар 12 жауынгердің тек алтауы ғана соғыстан аман оралды. Қаза тапқандардың қатарында ас­пи­рант Григорий Деревянко да бар. Ол соңғы деректер бойын­ша 1941 жылдың шілде айының соңына дейін қамалды қор­ға­ған соңғы жауынгерлердің бірі болған. 

 

ТӨЗІМДІЛІК СИМВОЛЫ: ӨМІР – ЖЕҢУ МЕН ЖАСАМПАЗДЫҚ 

Соғыстан кейінгі Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ-дың абы­ро­йы өлімді көріп қайтқан адам­дардың қолымен қа­лып­тасты. Қазақстандық аза­мат­тық құқық ғылымының негізін қа­лаушылардың бірі про­фес­сор Юрий Григорьевич Басин бір кездейсоқ жағдайдың ар­қа­сында аман қалған: ол танк бронінің ілгегіне байланған кезде тікелей снаряд соққысы өзге жауынгерлерді лақтырып жі­берген. Оның отбасының бар­лығы соғысқа қатысқан: әкесі  – Азамат соғысының ар­да­гері, анасы мен ағасы – әс­кери дәрігерлер. Үш рет жа­ра­лан­ған 23 жастағы Басин елге оралғаннан кейін академиялық серпіліс жасап, институтты екі жылда экстерн түрде аяқтады. Оның еліміздің құқықтық жүйе­сіне қосқан үлесі – Азаматтық және Тұрғын үй кодекстері мем­лекетіміздің құқықтық негізіне айналды.

Университет «Чайка» аты­мен танылған радист Шағила Қусанованы ерекше құрметпен атай­ды. Қуғын-сүргін жыл­да­рын­да ата-анасынан айырыл­ған жетім қыз емтихан үсте­лі­нен тікелей майданға аттанған. Оның дауысы Сталинград пен Берлин түбіндегі дивизия­лар­дың оқ атуын бағыттап отыр­ған. 1945 жылы Шағила ҚазМУ-ға қайта оралған ал­ғашқы сту­­денттердің бірі бол­ды. Ал оның оралуын ректор И.К.Лукьянец салтанатты ми­тинг­пен өмірдің өлімді жеңген символы ретінде атап өтті. Профессор Қусанова жарты ға­сырдан астам уақыт бойы уни­верситеттің моральдық ті­регі болып, ең күрделі саяси ке­зеңдерде де әділетті қор­ғау­дан тайынбады.

Сондай-ақ Станислав Ни­ко­­лаевич Савицкийді атап өт­пеу мүмкін емес.  І топтағы со­ғыс мүгедегі, бір қолынан айы­рылып, аяқ-қолынан ауыр жа­рақат алған жан. Универ­си­тетте 50 жыл бойы шаруашылық саласында еңбек еткен ол еш­қашан өзінің ерлік мәртебесін алға тартпаған. Тәрбие ісі жө­нін­дегі проректор ретінде Са­вицкий «екінші мүмкіндік» ат­ты ерекше жүйені енгізді: тәр­тіп бұз­ған студенттерді оқу­дан шы­ғарудың орнына, олар­ға өмір мектебінен – әс­кер­ден немесе университет қа­лашығының құрылысынан өту мүмкіндігін ұсынды. Оның адалдығы аңызға айналды – ол ұрлық пен әділетсіздікке қатал болды, тіпті ұсақ мәселелердің өзіне жеке араласып, әділдікті талап ететін. 

 

«Соғысқа қарғыс». Владимир Иванович Фурсов

«Соғысқа қарғыс». Владимир Иванович Фурсов

 

«КЕҢЕСТІК СТУДЕНТ»

ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ РЕНЕССАНС 

Соғыс жылдарында уни­вер­­­ситет қуатты тыл қоз­ға­лы­сының орталығына айналды. Дәл сол кезеңде ҚазМУ комсо­мол­дары «Кеңестік студент» атты танк колоннасына қаржы жинау бастамасын көтеріп, 589 082 рубль көлемінде қомақты қаражат жинады. Студенттер зертханаларда майданға қа­жет өнімдер шығарып, қосалқы шаруашылықтарда жұмыс іс­теп, жаралыларды азық-түлік­пен қамтамасыз етті. Сол кез­дегі комсомол комитетінің хат­шысы Виктор Наумович Пуриц 1943 жылы университет атына И.Сталиннің өз қолымен жолданған алғыс жеделхаты келгенін еске алған. Студент­тер­дің қаражатына жасалған бұл танктер 1945 жылы Бер­лин­ге дейін жетті.

Соғыстан кейін ардагерлер ғылыми серпілістің сәулет­ші­леріне айналды. Өз буынының тек 2 пайызы ғана аман қалған Алексей Тимофеевич Лукьянов бір мезетте химия және фи­зика-математика факультет­те­рінде оқыды. Оның білімге деген құштарлығы математи­ка­лық модельдеу мектебінің құрылуына және 30-дан астам ғылым докторлары мен кан­ди­даттарының тәрбиеленуіне не­гіз болды.

Курск шайқасына қатысқан взвод командирі Уахит Хам­заұлы Шалекенов бейбіт өмірін тарихи шындықты іздеуге ар­на­ды. Оның Ақтөбе қала­шы­ғын­дағы қазба жұмыстары ежел­гі Баласағұн қаласын –Тү­рік қағанатының астанасын нақ­ты анықтауға мүмкіндік бер­­ді. Шалекенов қазақ хал­қының арғы ата-бабаларында дамыған қалалық мәдениеттің болғанын ғылыми түрде дә­лел­деп, бұл жаңалық ұлттық сана үшін орасан зор маңызға ие болды.

  

РУХТЫ МҰРА ЖӘНЕ БОЛАШАҚТЫҢ АДАМГЕРШІЛІК БАЫТЫ

Бүгінде, арада ондаған жыл­дар өткен соң, біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ардагерлері қос бірдей ерлік жасағанын терең түсінеміз. Алдымен олар майдан даласында халқы­мыз­дың өмір сүру құқығын қор­ға­ды, кейін академиялық ау­ди­то­рияларда – білім мен прогреске деген құқықты бекітті. Олар­дың мұрасы тек ғылыми еңбек том­дары мен музейімізде сақ­талған 5 мыңнан астам архивтік папкалармен шектелмейді. Бұл ең алдымен университетке тән ерекше «рух», оның не­гі­зін­де ымырасыз адалдық, па­трио­­т­изм және ақиқатты шек­сіз іздеу жатыр.

Жеңістің мерейтойына ар­налған «80 күн – 80 іс-шара» ат­ты ауқымды акция  аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарихи жадыны сақтауға ба­ғыт­талған тағылымы терең жұ­мыс жүргізіп келеді. Бүгінгі сту­денттер тек құрғақ дерек­тер­ді оқып қана қоймайды, олар та­рихты Әскери-тарихи музейге ба­ру, ғылыми семи­нар­ларға қа­тысу және «Шин­д­лер тізімі» сияқты маңызды кинемато­гра­фиялық туынды­лар арқылы гуманизмнің іргелі мәселе­ле­рін талқылау арқылы тікелей сезінеді. Университет кафе­дра­лары өткізетін іс-ша­ралар нағыз адамгершілік са­бақ­та­рына айналып, Владимир Фур­сов, Шағила Қусанова және Ғаббас Жұматов сияқты тұл­ға­лардың өмір жолы жастар үшін рух күшінің тірі үлгісі бо­лады.

ҚазҰУ қабырғасындағы та­рих­ты түсінудің «жаңа қыры» – біз ардагерлерді тек өткеннің куәгері ретінде емес, рухы жағынан қазіргі заманның тұл­ғалары ретінде қабылдаймыз. Профессор Алексей Лукьянов 60 жасқа толар алдында бай­қағандай, 1940 жылдардың жас­тары мен бүгінгі жастардың ортақ тұсы – мақсатқа ұмтылу мен Отанға деген сүйіспен­шілік. Аға буынның бұл сенімі бізге зор жауапкершілік жүк­тей­ді: біз тек есте сақтап қана қой­май, олардың өмір жо­лы­мен қалыптастырған биік дең­гейге сай болуға тиіспіз.

Бүгінгі ҚазҰУ-дағы ар­да­гер­лерге деген құрмет – уақыт ара­сын жалғайтын дина­ми­ка­лық, тірі байланыс. Бұл – әр зерт­теушіге қолжетімді ци­фр­ландырылған архивтер; бұл – атаулы аудиториялар мен Уа­хит Шалекеновтің ісін жал­ғас­тырып жатқан архео­ло­гиялық экспедициялар; бұл – Ғаббас Жұматовтың дәстүрін сақтайтын Ардагерлер кеңесі. Біздің міндетіміз – осы жады эстафетасын келер ұрпаққа жеткізу, «Құрметтейміз. Еске аламыз. Алғыс айтамыз» деген сөздің жай ұран емес, тәуелсіз Қазақстан игілігі жолындағы күнделікті жасампаз еңбекке айналуын қамтамасыз ету.