Жаһандық коммуникациялар мен қоғаммен байланыс мәселелері қаралды — ҚазҰУ

91ý

Жаһандық коммуникациялар мен қоғаммен байланыс мәселелері қаралды

12 мамыр 2026
Жаһандық коммуникациялар мен қоғаммен байланыс мәселелері қаралды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні аясында ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының 30 жылдығына арналған «Жаһандық коммуникациялар және қоғаммен байланыс: тұрақты даму мақсаттары мен зерттеу стратегиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында  дәстүрлі ІІІ Шаймерденов оқулары ұйымдастырылды.

Конференцияның басты мақсаты – жаһандық коммуникация саласындағы заманауи үрдістерді талқылау, қоғам мен байланыс саласын дамытудың алдағы бағыттарын талдау, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі БАҚ пен ғылымның рөлін қарастыру.

Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, конференция тақырыбының өзектілігіне және көрнекті жазушы, ақын, публицист, мемлекеттік рәміздер бойынша маман әрі Қазақстандағы баспасөз қызметінің негізін қалаушылардың бірі Ербол Шаймерденовтің медиа саласы мен еліміздің мемлекеттік рәміздерін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Е.Шаймерденовтің ел тәуелсіздігін нығайту кезеңінде атқарған барлық істері ұлттың рухани байлығына қосылған өлшеусіз үлес. Оның істері маңызды, ал мақсаттары биік болды. Бұл – болашақ ұрпақты тәрбиелеуге арналған ұлы өнеге. Жауапты мемлекеттік қызметтерде елге қызмет ете жүріп, ол халық пен өскелең ұрпақтың рухани азығына айналған 20-ға жуық кітап жазып шығарды», – деп атап өтті проректор өз сөзінде.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Геральдика департаментінің директоры Гүлдана Аргенова өз баяндамасында Ербол Шаймерденовтің мемлекеттік рәміздерді зерттеу саласындағы еңбегіне баса назар аударды. «Ғалым 1992 жылы мемлекеттік рәміздерді бекіту комиссиясының құрамына енді. Жұмыс тобының мүшесі ретінде ол алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы рәміздеріне терең ғылыми зерттеу жүргізді. Сақ дәуірінен бастап, 1991 жылға дейінгі билік атрибуттарын, тулар мен ерекшелік белгілерін жүйелеп, ғылыми тұрғыда сипаттап берді. Бұдан бөлек, Ербол Шаймерденов ведомстволық символикаға да зор көңіл бөлді: ол құқық қорғау органдары мен қарулы күштерге арналған айырым белгілерін орналастыру стандарттары мен ережелерін әзірледі. Ербол Шаймерденовтің шығармашылық және ғылыми мұрасы 20-дан астам іргелі еңбекті қамтиды, олардың басым бөлігі мемлекеттік рәміздерге, қазақ ою-өрнегінің тарихына және ұлттық геральдикаға арналған».

Әрі қарай танымал қазақстандық және шетелдік ғалымдар, медиа және қоғаммен байланыс саласындағы сарапшылар жаһандық коммуникациядағы жаңа үрдістер, қоғаммен байланыс және БАҚ стратегиялары, тұрақты даму мақсаттары мен ақпараттық саясат сынды өзекті тақырыпта баяндамалар ұсынды.

Сондай-ақ шараға құрметті қонақ ретінде Шыңжаң университетінің (ҚХР), Өзбекстан журналистика және жаппай коммуникациялар университетінің журналистика және коммуникация факультеттерінің профессор-доценттері шақырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі