ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ШЕТЕЛДІК АРАБ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ИНТЕНСИВТІ КУРС» БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРЫ ӨТУДЕ — ҚазҰУ

91ý

ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ШЕТЕЛДІК АРАБ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ИНТЕНСИВТІ КУРС» БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРЫ ӨТУДЕ

12 мамыр 2026
ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ШЕТЕЛДІК АРАБ ТІЛІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ИНТЕНСИВТІ КУРС» БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРЫ ӨТУДЕ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Шетелдік араб тілі оқытушыларына арналған интенсивті курс» атты біліктілік арттыруға бағытталған әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Аталған семинар араб тілі оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи оқыту әдістерімен танысуға және халықаралық академиялық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Семинардың ашылуында Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан Шәріпбайұлы Әл-Қасимия университетінен арнайы шақырылған PhD профессор М. Сехсахты қабылдап, факультеттің білім беру және ғылыми бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар, ол семинар жұмысына сәттілік тілеп, мұндай халықаралық академиялық кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

Семинар аясында Әл-Қасимия университетінен (БАӘ, Шарджа әмірлігі) арнайы келген профессор араб тілін оқытудағы жаңа әдістемелер, кәсіби дағдыларды дамыту жолдары және шетелдік тәжірибелер туралы мазмұнды дәріс өткізуде. Семинарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ, Нұр-Мүбарак университеті, Абай университеті ұстаздары мен Философия факультетінен дінтанушы ғалымдар қатысуда. Қатысушылар тіл үйретудегі инновациялық тәсілдермен танысып, практикалық ұсыныстар алуда.

Іс-шара барысында оқытушылар өзара пікір алмасып, араб тілін оқыту сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауда. Сонымен қатар, мұндай кездесулер академиялық байланысты кеңейтіп, болашақта бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыруға жол ашатыны атап өтілуде.

Бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесінде халықаралық серіктестік пен тәжірибе алмасудың маңызы ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, аталған семинар оқытушылардың кәсіби дамуына ғана емес, сонымен қатар студенттердің сапалы білім алуына және араб тілін оқыту деңгейінің жаңа сатыға көтерілуіне өз үлесін қосатыны айқын.

Мұндай әдістемелік семинарлар алдағы уақытта да жалғасын тауып, білім мен тәжірибені ұштастыратын маңызды академиялық алаң болмақ.