Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа инвестициялық көпіріFarabi University

91ý

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа инвестициялық көпірі

14 мамыр 2026
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа инвестициялық көпірі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi International Business School алаңында әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Цинхуа университетінің EMBA бағдарламасының делегациясымен кездесу өтті.

Tsinghua University EMBA Industry Alliance / Qinglian Capital ұйымының өкілі Цзюй Фугуй бастап келген бұл делегация құрамында энергетика, инфрақұрылым, жоғары технологиялар, логистика және медицина салаларындағы 20-дан астам ірі компанияның 19 үздік түлегі болды. Қонақтарды Farabi International Business School директоры Жарасхан Сарыев қарсы алды. Кездесуге сондай-ақ бизнес-мектептің Консультативтік кеңесінің мүшелері, академиялық және іскерлік қауымдастық өкілдері қатысты.

Жүздесудің мақсаты – бірлескен жобаларды дамыту, бизнес-мектептер арасындағы серіктестікті нығайту және инвестициялық өзара іс-қимылды жолға қою.  

Шара барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры және EMBA & DBA бағдарламаларының жетекшісі А.Ақылбай Қазақстанның Еуразиядағы инвестициялық хаб ретіндегі стратегиялық орналасуын, дамыған инфрақұрылымы мен қолайлы бизнес-климатын айшықтайтын презентация ұсынып, қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Өз кезегінде қытайлық тарап та белсенді серіктестікке дайын компанияларын таныстырды, соның ішінде DoBe инвестициялық компаниясы Қазақстанда инвестиция, консалтинг және стартаптарды инкубациялау бағыттары бойынша өз кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді.

Farabi International Business School екі елдің бизнес қауымдастықтары, академиялық ғылымы мен инновациялық жобаларын тоғыстыратын сенімді алтын көпірге айналуды көздейді. Кездесуге ұйытқы болған Цинхуа университеті Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің альма-матері ретінде белгілі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі