ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституцияның рөлін айқындадыFarabi University

91ý

ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституцияның рөлін айқындады

14 мамыр 2026
ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституцияның рөлін айқындады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңа Конституцияның негізгі ережелерін талқылауға арналған «Жаңа Конституция және заманауи қоғам» атты форум өтті.

Ауқымды шараға қазақстандық және шетелден келген жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, азаматтық қоғам мүшелері, оқытушылар, білім алушы жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форумды ҚазҰУ заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов ашып, жаңа Ата заңды әзірлеудегі ғалым-оқытушылардың елеулі үлесіне тоқталды. «Барлық ұсыныстар жан-жақты қарастырылды. Қызылорда өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Президент өзгерістер тек парламенттік реформамен шектелмей, ауқымды конституциялық реформаның жалғасы болатынын ерекше атап өткен болатын. Мемлекет заң шығарушы органның бір палаталы жүйесіне көшуде. Мұндай қадам заң шығару үдерісін жеделдетіп қана қоймай, қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.  Енді заңдар үш оқылымда қабылданады. Бұл  еліміз үшін шын мәнінде тарихи сәт. Осы маңызды кезеңде оқытушы-профессорлық құрам халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоғары белсенділік танытты», – деді декан.

Форум бағдарламасы құқық қорғау тетіктерінен бастап, экологиялық негіздер мен цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Сабақтастық пен ұлттық бірегейлік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов құжаттың тарихи маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраның стратегиялық маңызын бекітіп, азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға берік негіз болуы тиіс.

География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында табиғатты қорғау нормалары мен табиғатты тиімді пайдаланудың құндылықтары бекітілгенін алға тартты.

Форум аясында елдегі конституциялық дамудың қазіргі кезеңінің ерекшеліктері, адамның негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері, сондай-ақ құқық қорғау тетіктері мен олардың жаңа Конституциядағы көрінісі кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар конституциялық реформалардың азаматтық қоғамды қалыптастыруға ықпалы мен қазіргі қазақстандық қоғамның құқықтық мәдениетін дамыту мәселелеріне маңыз берілді.

Форум қорытындысы бойынша конституциялық жүйені одан әрі жетілдіруге арналған практикалық ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды. 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі