ТДМ 15: Құрлық экожүйелерін сақтау Мифологиялық мен бүгінгі экологиялық мәселе
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасында 2 курс студенттері арасында мифологияға арналған командалық жарыс өтті. «Көк иелері», «Жер-су иелері», «Ошақ иелері» және «Төрт түлік киесі» деп аталған топтар түркі мифологиясының әртүрлі қырларын танытуға бағытталды. Шараның мақсаты – шығармашылық ұйымдастыру тәсілі студенттердің қызығушылығын оятып, сабақ үдерісіне белсенді қатысуға жетелеу.
«Ой қозғау» кезеңінде студенттер өз топтарына қатысты халық арасында сақталған тыйымдарды атап, олардың астарындағы мифтік дүниетанымды талдады. Экспресс-тест барысында «ие» мен «кие» ұғымдарының айырмашылығы, Ойсыл қара мен Қамбар ата бейнелері секілді концептілер кеңінен талқыланып, студенттердің теориялық білімі тереңдей түсті.
Алып Қарақұс пен Ұмай ана, Су ана мен Тау иесі, От ана мен Босаға иесі, Көк бөрі мен Қамбар ата бейнелері арқылы мифологиялық кейіпкерлердің сыртқы сипаты, атқаратын қызметі және тыйым бұзылған жағдайда туындайтын салдарлар кестелік жүйеде сараланды. Бұл тапсырма студенттердің аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, мифтік бейнелердің семантикалық табиғатын түсінуге мүмкіндік берді.
Венн диаграммасы арқылы жүргізілген салыстырмалы талдау ерекше мазмұнды өтті. Сахалардың «Аан Алахчын хотун» бейнесі мен қазақ дүниетанымындағы «Бәйтерек» ұғымы, «Су иесі Сүлеймен» мен саха мифологиясындағы «Уу иччитэ», сондай-ақ От анаға қатысты ритуалдардың екі халықтағы ұқсастықтары студенттерге түркі халықтарының рухани және мәдени сабақтастығын тереңірек сезінуге жол ашты.
Kahoot платформасындағы тест пен «3-2-1» рефлексия әдісі арқылы қорытындыланды. Студенттер бүгін танысқан жаңа мифтік кейіпкерлерді, есте қалған қызықты тыйымдарды және ие-кие тақырыбы бойынша өздерін толғандырған сұрақтарды ортаға салды.
Кейс-стади бөлімінде пікірталас қызу өрбіді. «Кие ұғымы заманауи адамның табиғатқа деген жауапкершілігін оята ала ма?» деген сұрақ төңірегінде студенттер Арал теңізінің тартылуы мен орман өрттерін «иесіз қалған жер» философиясымен байланыстырып талқылады.
Жарыс өз мәресіне жетті. Ежелгі мифологиялық таным мен бүгінгі экологиялық мәселелердің өзара сабақтастығы аудиторияда терең ой мен мазмұнды пікір алмасу туғызды.
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы
Филол.ғ.к. Г. Қортабаева
Басқа жаңалықтар