Жаңартылған бағдарлама:мүмкіндік пе, мәселе ме? — ҚазҰУ

91ý

Жаңартылған бағдарлама:мүмкіндік пе, мәселе ме?

30 шілде 2026
Жаңартылған бағдарлама:мүмкіндік пе, мәселе ме?

Еліміздегі жаңартылған білім беру бағдарлама­сы ту­ра­лы сөз қозғал­ған­да, көпшілік пікірі әр­қа­лай. Бір тарап оны мек­­тепті жаңа заманға бейімдейтін, баланы жаттаудан талдауға, салыстыруға, пікір айтуға жетелейтін маңызды қадам деп бағалайды. Екінші тарап бұл жүйе мұғалімге артық салмақ салды, құжат көбейді, ал нақты нәтиже күт­кендей емес дейді. Осы тұста көптің көкейіндегі сұрақ та біреу: жаңартылған бағдарлама шынымен мүмкіндік пе, әлде мәселе ме?

Елімізде білім мазмұнын жаңарту бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі ре­форма. Оның мақсаты – оқу­шыны тек ақпаратты қабыл­дау­шы емес, оны қолдана ала­тын, саралайтын, өмірмен байланыстыра білетін тұлға ретінде қалыптастыру. Бүгінде мектептегі басты өлшемнің бірі – баланың ереже жаттауы емес, сол білімді өмірлік жағдаятта пайдалана білуі.

Сарапшылардың пайым­дауын­ша, қазіргі мектеп оқу­шыға теориялық білім бе­ріп қана қоймай, оны нақты жағ­дай­ларда әрекет етуге үйретуі керек. Бұл – жаңартылған бағ­дарламаның ең басты артық­шы­лығы. 

Шынында да, бұрынғы үл­­гі­­де оқушы көбіне мұғалімнің айт­­қанын қайталап беруге бей­ім­делсе, жаңартылған маз­мұн­­да іздену, дәлелдеу, жоба қор­ғау, топтық жұмыс, кері байла­ныс сияқты дағдылар ал­дыңғы қатарға шықты. Мұндай тәсіл бүгінгі қоғамға қажет. Себебі қазіргі еңбек нарығында құр білім жеткіліксіз, мәселені шеше білу, ақпаратты іріктеу, ойын анық жеткізу, жаңа жағдайға тез бейімделу аса маңызды.

Бұл жүйенің белгілі бір оң нәтижелері бар екенін зерттеу­лер де көрсетеді. Мәселен, М.Кортни бастаған ғалымдар Қазақстандағы жаңартылған оқу мазмұнының бастауыш сынып оқушыларының сауат­ты­лық деңгейіне ықпалын зерттеп, оның белгілі дәрежеде оң әсер бергенін көрсетеді. Авторлар жаңартылған мазмұндағы оқыту баланың тілдік дамуына серпін бергенін жазады Ал А.Жолымбекова және әріп­тес­тері жүргізген зерттеуде бұл бағдарламаның 1-3 сынып­тар­дағы сауаттылық пен санамалау дағдыларының қатар дамуына әсер еткені айтылады. Демек, жаңартылған бағдар­ла­ма мүлде нәтиже бермеді деу әді­летсіз.

Осы тұста қоғамды алаң­да­та­тын нақты статистикаға на­­зар аударайық. OECD жа­­­риялаған PISA-2022 нәти­желері бойынша Қазақстанның 15 жастағы оқу­шылары математикадан 425, оқудан 386, жаратылыстанудан 423 балл жинаған. Бұл көр­сет­кіштер OECD елдерінің орташа дең­гейінен төмен. Сонымен қатар Қазақстанда математика бойынша ең тө­менгі ба­залық деңгейге жеткен оқу­шылар үле­сі де ха­лықаралық орташа көр­сеткіштен аз емес. Яғни жа­­­ңар­­тылған бағдарлама ен­­­­гізілгенімен, білім сапасы бір­­ден күрт өсіп кеткен жоқ.

Сонда бұдан қандай қо­­ры­тынды шығарамыз? Мә­селе бағдарламаның өзінде ғана емес, оны жүзеге асыру тет­і­гінде. Бір мектепте жаңар­тыл­ған бағдарлама оқушыны шынымен ойлантып, зерттеуге баулыса, екінші мектепте ол тек жаңа атаумен қалған ескі тәсілге айналып кетуі мүмкін. Кей жерде мұғалім жаңаша жұмыс істеуге дайын, бірақ уақыт тапшы. Енді бір жерде ата-ана жаңа бағалау жүйесін тү­сінбейді. Ал кей ауыл мек­тептерінде материалдық база әлі де әлсіз. Міне, осы факторлар реформаның шын бағасын анықтайды. Жаңартылған бағ­дарлама – ғажайып шешім емес. Бірақ ол ескі жүйеден алға қарай жасалған қадам. Оның мүмкіндігі көп. Ол ба­ланы белсенді етеді, мұ­ғалімді із­деніске ынталандырады, бі­­лім­ді өмірге жақындатады. Со­нымен қатар оның мәселесі де бар: мұғалім жүктемесі, ба­ғалау төңіре­гін­дегі түсін­беу­шілік, қала мен ауыл ара­сын­дағы алшақтық, сапалы әдіс­­­­темелік қолдаудың жетіс­пеуі.

Айдана ҚОЖАҒҰЛ, 

№84 жалпы білім беретін мектептің  11-сынып оқушысы

Алматы қаласы