АҚШ зерттеу орталығымен келісім жасалды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев АҚШ-тағы American Councils зерттеу орталығының директоры Дэн Дэвидсонды қабылдады.
Тараптар бүгінге дейін бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижелерін талқылап, серіктестікті одан әрі нығайту жөніндегі келісімге қол қойды. Аталған құжат аясында ҚазҰУ мен зерттеу орталығы филология саласы бойынша бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейтуді көздеп отыр.

Кездесу барысында Дэн Дэвидсон ҚазҰУ-дың филология факультеті ғалымдарымен бірлесіп атқарылған маңызды бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шетелдік жетекші мамандардың қатысуымен ғылыми дәрістер мен тәжірибелік семинарлар өткізілді. Сондай-ақ студенттер мен магистранттардың ғылыми жобаларына халықаралық деңгейде жетекшілік жасалып, жас зерттеушілердің академиялық әлеуетін арттыруға жағдай жасалды.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев бірлескен жобалардың нәтижесін жоғары бағалап, халықаралық ынтымақтастықты дамыту ҚазҰУ-дың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Жүздесу қорытындысында тараптар арнайы жұмыс жоспарын бекітуге уағдаласты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар