ҚазҰУ оқытушылары халықаралық JoVE платформасының көшбасшылары атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жетекші халықаралық ғылыми-білім беру платформасы JoVE (Journal of Visualized Experiments) өкілдерінің қатысуымен заманауи цифрлық шешімдер мен ғылыми зерттеу әдістеріне арналған ауқымды тренинг өтті. Шара оқу үдерісі мен ғылыми қызметке озық білім беру технологияларын кіріктіруге мүдделі университет профессор-оқытушылар құрамының басын қосты.
Семинар барысында JoVE платформасының Қазақстан бойынша өңірлік менеджері Азги Альмамедова және клиенттерді қолдау жөніндегі маман Verena Shafik жаңа ғылыми бейнематериалдарды, платформаның өзекті жаңартуларын және студенттердің өзіндік жұмысын жандандыруға арналған тиімді цифрлық құралдарды таныстырды. ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары ресурстың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде сынап көріп, оны заманауи дәрістерге енгізу мәселелерін талқылады.
Бүгінде JoVE – әлемдік деңгейдегі ғылыми бейнематериалдар мен көрнекі оқу контентіне қолжетімділік ұсынатын ең сұранысқа ие халықаралық цифрлық ресурстардың бірі.
Семинар барысында жарияланған ресми деректерге сәйкес, соңғы айларда ҚазҰУ қауымдастығы тарапынан платформа материалдарын қарау саны 120 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш университет пайдаланушыларының жаһандық цифрлық форматтарға жоғары қызығушылық танытып, халықаралық деңгейде оқ бойы озық тұрғанын дәлелдейді.
Шара барысында өздерінің кәсіби және педагогикалық қызметінде JoVE платформасының мүмкіндіктерін тиімді әрі белсенді қолданып жүрген ҚазҰУ оқытушылары салтанатты түрде марапатталды.
Олардың арасында физика-техникалық факультеті Жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Әлфия Нұрмұханова озық нәтижемен бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Экономика және бизнес жоғары мектебі Қаржы және есеп кафедрасының доценті, экономика ғылымының кандидаты Рысты Сартова еншілесе, үшінші орынға биология және биотехнология факультеті Биотехнология кафедрасының профессоры, биология ғылымының кандидаты Светлана Турашева ие болды. Ал жүлделі төртінші орынды химия және химиялық технология факультеті Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының оқытушысы Жазира Супиева иеленді. Үздік танылған оқытушыларға халықаралық деңгейдегі арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық бастамалар университеттің заманауи цифрлық академиялық мәдениетін қалыптастыруға, оқытушылар мен білім алушылардың әлемдік озық білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуге тікелей ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар