ҚазҰУ-да Technovation Girls мерейтойлық көрмесі өтті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да Technovation Girls мерейтойлық көрмесі өтті

19 мамыр 2026
ҚазҰУ-да Technovation Girls мерейтойлық көрмесі  өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Farabi HUB алаңында Technovation Girls Kazakhstan бағдарламасының 10 жылдығына арналған Technovation Girls Expo: Celebration мерейтойлық шарасы өтті. 

Ауқымды жиын гендерлік теңдік пен тұрақты дамуды өркендетуге, қыздар мен жасөспірімдердің технология, STEM-білім беру, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.

Басқосудың  ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Тахир Азатұлы сөз сөйледі. Ол университетте қалыптасқан бірегей инновациялық экожүйе мен жас таланттарды қолдауға арналған стратегиялық бастамаларға тоқталып өтті.  

Сонымен қатар халықаралық және отандық алпауыт компаниялар – Yandex, KMF және EPAM өкілдері де сөз алып, заманауи STEM-жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Мерейтойлық көрме аясында Project Expo жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған қатысушылар өз IT-жобаларын, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллектіге  негізделген технологиялық шешімдерін және әлеуметтік инновацияларын таныстырды. Көрме жұмысының барысында денсаулық сақтау, инклюзия, экология, білім беру, қаржылық сауаттылық және менталдық денсаулық бағытындағы жобалар ұсынылды.

Technovation Girls Kazakhstan бағдарламасы Қазақстанда 2016 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жобаға еліміздің барлық өңірінен 8 мыңнан астам қыз қатысып, 500-ден астам технологиялық шешім әзірленді. Ерекше атап өтерлігі, қазақстандық командалар халықаралық финалдар мен беделді байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Шара аясында networking-кездесулер, қатысушылардың тәжірибе алмасу алаңдары және Reflection Corner арнайы аймағы жұмыс істеді.

Сондай-ақ Farabi Tech Hub директоры Жомарт Жексенбай екі командаға инкубациялық бағдарламаға қатысуға арналған арнайы сертификат табыстады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі