Депутаттар мен «AMANAT» өкілдері ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты — ҚазҰУ

91ý

Депутаттар мен «AMANAT» өкілдері ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты

19 мамыр 2026
Депутаттар мен «AMANAT» өкілдері ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары мен «AMANAT» партиясының өкілдері, Қалалық жастар саясаты басқармасының мүшелері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Қонақтар ғылыми орталықтар мен зертханаларда болып, ЖОО ғалымдары жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижелерін көрді. 

Делегация қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі, Екатерина Смышляева, «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, белгілі тележүргізуші Айкерім Есенәлі бар.

Құрметті қонақтарға Германияның Kuka роботтары қойылған Робототехника орталығының қызметі туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар Қытаймен бірлесіп ашылған «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен Робототехника орталығының жұмысы таныстырылды. Аталған орталықтарда университет студенттері роботтармен жұмыс істей отырып, тәжірибе жинақтайды.

Делегация мүшелері Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында болды. Аталған хабтың мақсаты – озық білімге, технологиялар мен ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, ғылыми əзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету. Бүгінде Farabi Hub университеттермен, ғылыми-зерттеу институттары және инвестор компаниялармен серіктестік байланыс орнатып, бірлескен зерттеулер жүргізіп, жаңа технологияларды әзірлеуде.

Кейін құрметті қонақтар ҚазҰУ базасында «BIR TOLQYNDA» тақырыбымен өткен Алматы қаласының жастарымен кездесті. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі