ҚазҰУ-дың жас ғалымдары халықаралық байқауда үздік үштікке енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының жас зерттеушілері халықаралық деңгейде үлкен жетістікке қол жеткізді. Докторанттар мен магистранттан құралған «EcoNomads KZ» командасы Anthropocene Case Competition 2026 Finals халықаралық байқауында жүлделі III орынды иеленді.
Венгрия ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университеті (MATE) базасында, Гёдёллё қаласында өткен бұл беделді дода тұрақты даму, циркулярлы экономика және азық-түлік индустриясының болашағына арналды. Жаһандық байқауға әлемнің 26 елінен 85 команда қатысып, іріктеуден өткен ең мықты 13 команда финалда бақ сынады.

Аға оқытушы Ольга Зубованың жетекшілігімен құрылған команда құрамында «Экология» мамандығының PhD докторанты Дана Ахметжанова (топ жетекшісі), «Геоэкология және табиғатты пайдалану» мамандығының PhD докторанты Айтолқын Әлимұратқызы және «Экология» мамандығының магистранты Роза Мұсағалиева бар.

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары құс шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жоғары сұранысқа ие өнімдер шығарудың бірегей жобасын ұсынды. Инновациялық зерттеу шеңберінде құс қауырсынынан белсендірілген көмір алу, өндірістік қалдықтардан жоғары сапалы ақуызды жем дайындау, сондай-ақ қалдықсыз өндіріс моделін енгізу тетіктері көрсетілді. Жоба су ресурстарын тиімді пайдалану, биологиялық қауіпсіздік пен көміртек қалдығын азайту бағыттарын толық қамтыған.

Халықаралық қазылар алқасы «EcoNomads KZ» командасының ғылыми негізделген, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдерін жоғары бағалады. Бұл жеңіс ҚазҰУ-дың тұрақты даму, экология және жасыл технологиялар саласындағы халықаралық жоғары ғылыми әлеуетін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі