Жоғары технологиядағы серіктестік кеңейедіFarabi University

91ý

Жоғары технологиядағы серіктестік кеңейеді

20 мамыр 2026
Жоғары технологиядағы серіктестік кеңейеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық қызмет және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Абдрахман Тасыбаев пен Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының ғылым және технология мәселелері жөніндегі консулы Лю Юйхуэй кездесу өткізді.

Тараптар ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру және университет инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қытайдың жетекші ғылыми және технологиялық ұйымдарымен серіктестікті нығайту, заманауи технологияларды енгізу және ортақ бастамаларды дамыту бағыттары қаралды.

ҚазҰУ базасында Farabi Lab зертханасын ашуды қаржыландыру және Huibo Robotics зертханасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Робототехника, жасанды интеллект, цифрлық трансформация және жоғары технологиялық әзірлемелер салаларындағы жобаларға инвестиция тарту мен бірлескен қолдау тетіктері де қамтылды.

Бағдарлама аясында делегация университеттің негізгі ғылыми-инновациялық нысандарын аралады. Оның барысында Жерді қашықтан зондтау орталығы, Суперкомпьютерлік орталық, Huibo Robotics және KUKA Robotics зертханалары, сондай-ақ Farabi HUB инновациялық орталығының жұмысы таныстырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі