Тұрақты даму мәселелері қарастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан туризмі: жауапкершілік пен инновациялар арқылы орнықты даму» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚазҰУ-дың Рекреациялық география және туризм кафедрасы ұйымдастырды. Жиын туризм кафедрасының негізін қалаушы, география ғылымының докторы, Қазақстан Республикасының туризм саласының құрметті қызметкері, профессор Станислав Рамазанович Ердавлетовтің 85 жылдығына арналды.
Іс-шарада география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева құттықтау сөз сөйледі. Ол кеңестік және қазақстандық белгілі географ С.Р.Ердавлетов Қазақстан мен Орталық Азияда туризм тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаған алғашқы ғалым екенін атап өтіп, оның Қазақстандағы туризм географиясының академиялық мектебі жаңа ғылыми бағыттың негізін қалағанын жеткізді. Оның жетекшілігімен елдегі туризмді дамыту мен аумақтық ұйымдастыруға арналған ғылыми жобалар жүзеге асырылды. С.Ердавлетов 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, соның ішінде Қазақстандағы туризм географиясы бойынша алғашқы оқу құралдарының авторы болып табылады. Ол қазіргі заманғы туризм ғылымының қалыптасуына елеулі үлес қосып, туризм және қонақжайлылық саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарды.
Пленарлық бөлімде саладағы жетекші ғалымдар мен мамандардың баяндамалары ұсынылды. География ғылымының өзекті мәселелері мен туризмді дамыту контексіндегі су қауіпсіздігі туралы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы, академик Ахметқал Медеу баяндама жасады. Қазақстан өңірлеріндегі туризмнің дамуы және ғылыми мектептердің сабақтастығы жөнінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Орденбек Мазбаев сөз сөйледі.
Сонымен қатар профессор Амангелді Темірбеков, доцент Қатима Искакова және Рекреациялық география және туризм кафедрасының қауымдастырылған профессоры Үміт Көшкімбаева баяндама жасады.
Бағдарламаның бір бөлігі цифрлық технологиялар мен өңірлік тәжірибеге арналды. «AG Tech» IT-компаниясының бас директоры, «Атамекен» ҰКП президиум мүшесі, география ғылымының кандидаты Александр Подвалов туризм саласын цифрландыру туралы баяндама ұсынды. География ғылымының кандидаты, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің қауымдастырылған профессоры Қания Тұрсынбаева кадр даярлау мәселелерін баяндады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, география ғылымының кандидаты Гүлнар Көбесова туризмді дамытудың өңірлік тәжірибесімен бөлісті. Ақмола облысы туризм басқармасы туризмді талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Мария Титова саланың жағдайына қатысты аналитикалық деректерді ұсынды.
Сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры, PhD Ерлан Исаков және Геотуризм және геоморфология зертханасының аға ғылыми қызметкері, PhD Роза Темірбаева сөз сөйледі.
Тақырыптық секциялар барысында қатысушылар туризм және қонақжайлылық саласындағы іргелі және қолданбалы мәселелерді талқылады. Жаһандық сын-қатерлер жағдайында туризмді дамыту, білім беру жүйесіне инновация енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Ұсынылған бастамалар қолданбалы сипатқа ие болып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Іс-шараны Рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі, PhD Руслан Байбөриев жүргізді.
Дөңгелек үстел қорытындысында Қазақстандағы туристік білім беру мен ғылыми зерттеулерді одан әрі дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар