ҚазҰУ ғалымы палеолитке қатысты зерттеуін жариялады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ ғалымы палеолитке қатысты зерттеуін жариялады

21 мамыр 2026
ҚазҰУ ғалымы палеолитке қатысты зерттеуін жариялады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Сая Әліпова «Қазақстан палеолитінің зерттелуі (1991-2011 жж.)» атты ғылыми монографиясын жариялады. Еңбек тарих ғылымының докторы, кафедра профессоры, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚазҰУ жанындағы Палеолит музейінің негізін қалаушы Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетовтің ғылыми зерттеулеріне арналған.

Монография Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жиырма жылдықтағы зерттеулер негізінде тас дәуірі бойынша қалыптасқан археологиялық мектептерді, академик Ж.Таймағамбетов және академик А.П.Деревянко басшылығымен жүргізілген халықаралық экспедиция жұмыстары, палеолит ескерткіштерінің нақты жасы, жаратылыстану ғылымдарындағы әдістер, ғылыми қорытындылар мен тұжырымдарды қамтиды. Академик Ж.Таймағамбетов тек Қазақстанға емес, сонымен қатар шетелге танылған әрі атақты археологтар Х.А.Алпысбаев және А.Г.Медоевтың зерттеулерін жалғастырып келеді. 

Автордың айтуынша, бұл монография Қазақстан палеолитіне арналған ғалымдардың зерттеулерін жүйелендіріп, болашақ ғылыми ізденістерге жаңа бағыт беретін, қазақ тілінде алғаш рет жарық көрген ғылыми еңбек. Болашақта бұл зерттеулер академик Ж.Таймағамбетовтің басшылығымен жүргізіліп жатқан халықаралық археологиялық экспедицияларда да жалғасып, алда атқарылатын жұмыстардың нәтижелері негізінде жарық көретін болады.    

 

Сая Әліпова – тәуелсіз Қазақстанда тас дәуірінің ең күрделі кезеңі саналатын палеолит бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ қызы. Ол – «Археология және этнология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD), «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар халықаралық археологиялық экспедицияларға қатысушы жас ғалым (АҚШ, Германия, Қазақстан, Бельгия, Италия).

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі