Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия үшін заманауи ИСБР білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысудаFarabi University

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия үшін заманауи ИСБР білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуда

15 мамыр 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия үшін заманауи ИСБР білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуда

2026 жылғы 13–15 мамыр аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан) Орталық Азиядағы климат өзгерісін ескере отырып су ресурстарын басқару жөніндегі өңірлік бағдарлама (CSWRM) аясында халықаралық семинар және техникалық тәжірибе алмасу іс-шарасы өтуде. Бағдарлама Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарында Су ресурстарын интеграцияланған басқару (ИСБР) бойынша заманауи білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен семинарға География және табиғатты пайдалану факультетінің ғалымдары мен оқытушылары қатысуда. Семинар жұмысына Метеорология және гидрология кафедрасының өкілдері — Қасым Дускаев, Жанар Раймбекова және Жанара Жанабаева қатысуда.
 

Іс-шара ETH Zurich, Hydrosolutions GmbH, GIZ, SDC ұйымдарының жетекші сарапшыларын, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның бейінді жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. Семинар аясында су ресурстары мен климаттық бейімделу саласындағы инновациялық білім беру модульдерін бірлесіп әзірлеу мәселелері қарастырылуда. Талқылаулардың негізгі бағыттарына су жинау алаптарын модельдеу, жерасты суларының модельдеуі, су ресурстарын интеграцияланған басқару, сондай-ақ су шаруашылығы және экологиялық инженерияда жасанды интеллект пен бағдарламалауды қолдану жатады.
 

Семинар барысында Орталық Азия жағдайына бейімделген бірлескен оқу бағдарламалары мен интерактивті білім беру материалдарын әзірлеуге ерекше назар аударылуда. ҚазҰУ өкілдері кәсіби пікірталастарға, тәжірибе алмасуға және су ресурстарын тұрақты басқару саласында жаңа буын мамандарын даярлауға арналған өңірлік платформаны қалыптастыруға белсенді қатысуда.

Семинар бағдарламасына ETH Zurich профессоры Питер Молнардың, сондай-ақ Hydrosolutions GmbH сарапшылары Тобиас Зигфрид, Беатрис Марти және Николас Лазароның қатысуымен дәрістер, практикалық сабақтар және ИСБР курстарының мазмұнын бірлесіп әзірлеуге арналған сессиялар енгізілген.
 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының осы халықаралық жобаға қатысуы университеттің Орталық Азиядағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға, гидрология мен су менеджментіндегі цифрлық және климатқа бейімделген тәсілдерді ілгерілетуге, сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясындағы халықаралық академиялық серіктестікті нығайтуға қосып отырған үлесін көрсетеді.