Қытайлық сәулетшілер қалашықтың жаңа даму жоспарымен таныстыFarabi University

91ý

Қытайлық сәулетшілер қалашықтың жаңа даму жоспарымен танысты

22 мамыр 2026
Қытайлық сәулетшілер қалашықтың жаңа даму жоспарымен танысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Шаньдун сәулет жобалау институты директорлар кеңесінің мүшесі, бас директордың орынбасары Хань Шаолун бастаған делегацияны қабылдады.  

    

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары аясында бой көтеретін жаңа ғимараттарды таныстырды. 

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрылғанына биыл 92 жыл. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетке сапары барысында ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспарын қолдаған болатын. Жаңа жоба аясында университет базасында жатақханалар мен үш оқу корпусының құрылысы басталды. Болашақта университеттік емхана, заманауи технопарк, демалыс орындары, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, оқу ғимараттары салынады», – деді ректор. 

Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы Шаньдун сәулет жобалау институтымен құрылыс бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ҚазҰУ мүдделі екенін жеткізді. 

Өз кезегінде Хань Шаолун Шаньдун сәулет жобалау институтының тарихы мен қызметі туралы мәлімет берді.  «Институт 1953 жылы құрылған. 70 жылдан астам тарихы бар оқу ордасы Қытайда ғана емес, шетелде де түрлі құрылыс жұмыстарын жүргізді. Бүгінге дейін 7 мыңнан астам жоба іске асырылды. Мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Осы тұрғыда ҚазҰУ-мен әріптестік байланыс орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Хань Шаолун.

Тараптар келіссөз соңында жұмыс тобын құрып, арнайы жоспарды бекітуге уағдаласты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі