Түркі әлемін зерттеудің жаңа кезеңі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «І Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығы: түркология және түркі әлемі» атты халықаралық симпозиум жұмысының екінші күні өтті. Ауқымды ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген белгілі ғалымдар, академиктер мен зерттеушілер қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі – түркі әлемін зерттеудегі заманауи бағыттар. Қатысушылар әліпби реформасы, жазба мұраны сақтау, гуманитарлық ғылымдарды цифрландыру және ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін кеңінен талқылады.

ҚазҰУ профессоры Раушангүл Авакова өз баяндамасын Алаш зиялыларының идеяларынан бастап, қазіргі цифрлық технологияларға дейінгі түркологияның даму мәселесіне арнады. Ол бүгінгі таңда гуманитарлық ғылым үлкен өзгеріс кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, цифрлық технологиялар архивтік деректер мен тіл мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті.
Қатысушылар Орталық Азия елдеріндегі тіл реформаларына ерекше назар аударды. Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Жаббар Ишанқұл Өзбекстандағы әліпби реформасының қазіргі үдерістері мен фольклорлық мұраларды жариялау мәселелері туралы баяндады. Оның айтуынша, ауыз әдебиеті мұрасын сақтау бүгінде жаңа ғылыми және технологиялық тәсілдерді қажет етеді.

Конференцияда Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Абдылдажан Ақматалиев пен Анкара Хажи Байрам Вели университетінің профессоры Оғызхан Дұрмұш баяндама жасады. Түркиялық ғалым өз сөзінде түркология тек академиялық ортада ғана емес, қоғаммен, әсіресе мәдениетті цифрлық платформалар мен жаңа медиа арқылы қабылдайтын жастармен тығыз байланыста дамуы қажет екенін тілге тиек етті. Жеке секция «Қорқыт ата» эпосына арналды. Қатысушылар оны түркі халықтарының ортақ мәдени кеңістігіндегі маңызды рухани мұралардың бірі ретінде бағалады. Эгей университетінің профессоры Метин Экижи эпостағы дастархан және қонақжайлық дәстүрлерінің көшпелі мәдениеттегі маңызы туралы зерттеуін ұсынды. Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы М.Өжал Оғыз Қорқыт ата мұрасының халықаралық деңгейде танылуы және оның ЮНЕСКО жобалары арқылы насихатталуы жөнінде баяндады.

Конференцияның секциялық жұмысына Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Низами Жаферов, Солтүстік Кипрдегі Шығыс Жерорта теңізі университетінің профессоры Ахмет Пехливан, Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің доценті Рохила Рузманова, профессор Вели Саваш Йелок, Әзірбайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры Иқбал Ағаев және өзге де шетелдік, отандық зерттеушілер баяндамаларын таныстырып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Конференция қатысушылары бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық алмасуды дамыту түркі әлемі елдері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар