Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде геология бағыты бойынша заманауи үлгіде жабдықталған жаңа оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа геология және геоақпараттық жүйелер аудиториясы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Университет қабырғасындағы білім кеңістігінің ашылуына факультеттің 1959 жылғы түлегі, инженер-геолог, геология саласының ардагер маманы Гүлбахрам Әлімжанова қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.

Салтанатты рәсім барысында қатысушылар Гүлбахрам Мәжитқызының отандық геология ғылымын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар университет пен түлектер арасындағы сабақтастықтың, рухани байланыстың және білімге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі екені айтылды.

География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева құттықтау сөзінде: «Бүгінгі жаңа зертхананың ашылуы құтты болсын! Бұл – ғылымға бастайтын даңғыл жол, ізденіс пен жаңашылдықтың рухы тоғысқан қасиетті білім ордасы. Осындай игі бастаманың жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді.

Оқу аудиториясы қазіргі заманғы техникалық құралдармен, интерактивті оқыту жүйелері және геология саласына қажетті арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда студенттер теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алады.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар