«Болашақ мамандықты саналы таңдау – табысты келешектің кепілі»
2026 жылғы 19 мамырда «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында Түлкібас ауданы білім бөлімінің Абай атындағы мектеп-лицейінде ҚазҰУ жанындағы Жоғары экономика және бизнес мектебінің «Экономика» кафедрасының ассистент-профессоры Ережепова А.А. кәсіби бағдар беру бойынша көшпелі кездесу өткізді.
Кездесу барысында жоғары сынып оқушыларына жоғары оқу орындарына түсу ережелері түсіндіріліп, экономикалық бағыттағы мамандықтардың мүмкіндіктері мен заманауи білім беру бағдарламаларының артықшылықтары таныстырылды. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы білім беру және ғылыми қызметі туралы, сондай-ақ Жоғары экономика және бизнес мектебі мен «Экономика» кафедрасының білім беру бағдарламалары жөнінде бейнероликтер көрсетілді.
Оқушылар әңгімеге белсенді қатысып, сұрақтар қойып, болашақ мамандық таңдау мен кәсіби бағдарға қатысты тәжірибелік ұсыныстар алды.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушыларға кәсіби бағдар беру, олардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал ету, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпараттандыру, сондай-ақ оқушыларға қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдауда қолдау көрсету болды.