ҚазҰУ-да өңірлердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қаржылық-инвестициялық тетіктері талқыланды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да өңірлердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қаржылық-инвестициялық тетіктері талқыланды

26 мамыр 2026
ҚазҰУ-да өңірлердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қаржылық-инвестициялық тетіктері талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Экономикалық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету және заманауи өнеркәсіптік саясат» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралы ретінде депрессивті өңірлердің өнеркәсіптік саясатының қаржылық-инвестициялық тетіктері» тақырыбындағы секция жұмысы өтті. 

Секция модераторы ретінде Экономика және бизнес жоғары мектебі деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, PhD Шыңғыс Нұрғазы сөз сөйледі. Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Финляндия және Қытай елдерінің жетекші ғалымдары, қаржы саласының өкілдері, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты. 

Секция жұмысы Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Жанна Жандарбекқызы Ермекованың құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол өңірлердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инвестициялық саясатты жетілдіру және тұрақты экономикалық дамуды қолдау мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. 

Секция барысында «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарушы директоры Асхат Досқазыұлы Сүйіншев «BCC тобының Қазақстан өңірлерінің қаржылық тұрақтылығын дамытуға қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасап, өңірлік экономиканы қолдаудағы қаржы институттарының рөлі туралы тәжірибелік мәліметтермен бөлісті.

Халықаралық тәжірибе Өзбекстандағы Самарқанд экономика және сервис институтының профессоры Гүлнора Мардиевна Шадиева, Финляндиядағы University of Jyväskylä университетінің профессоры Айяз А. Шайх және Қытайдың Еуразиямен инвестиция және сауда ынтымақтастығына жәрдемдесу жөніндегі Шыңжаң компаниясының бөлім басшысы Яньхао Ма баяндамаларында кеңінен қамтылды. Шетелдік сарапшылар депрессивті өңірлердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қаржылық-инвестициялық тетіктер, экокәсіпкерлік және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселелерін талқылады. 

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушылары мен жас ғалымдары да өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. «Бизнес-технологиялар» кафедрасының доцент-зерттеушісі Динара Танатқызы Калмакова жауапты өндірісті ынталандырудың қаржылық тетіктерінің өңірлік экономикалық қауіпсіздікке әсерін талдаса, «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Тоқтасынқызы Есенгелдиева «жасыл» өнеркәсіптік саясаттың өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. 

Жас зерттеушілердің баяндамалары да үлкен қызығушылық тудырды. «Менеджмент» кафедрасының 1-курс докторанттары Самал Амантайқызы Қайрова мен Айса Бейбарыс Қазақстанның моноқалалары мен депрессивті өңірлеріндегі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған зерттеу нәтижелерін таныстырды. 

Пікірталас барысында қатысушылар өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру, «жасыл» экономика қағидаттарын енгізу, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмасты.

Секция қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған баяндамалардың ғылыми деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, өңірлік даму мен экономикалық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Конференция ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа ғылыми бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.