«Қаракөз»: гендерлік теңдік көрініс тапқан трагедия
Сурет:
ҚазҰУ-дың Механика кафедрасының оқытушылары 1, 2 және 3-курс студенттерімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына «Қаракөз» қойылымын тамашалауға барды.
«Қаракөз» – Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы әлеуметтік-психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін трагедия. Қойылым аясында көтерілген гендерлік теңдік, жеке таңдау еркіндігі және әділет мәселелерінің студенттер санасында қабылдануын анықтау мақсатында спектакльден кейін онлайн сауалнама жүргіздік. Сауалнама нәтижелері төмендегі диаграммалар негізінде талданды.
Алдымен студенттерден қойылымнан алған жалпы әсерін білу мақсатында сұрақтар қойылды. Студенттердің 85-90 пайызы қойылымды «жоғары» деңгейде бағалаған. Бұл көрсеткіш спектакльдің көркемдік сапасы мен эмоционалдық ықпалының жоғары болғанын дәлелдейді. Сауалнамадан көрермендердің басым бөлігі қойылымнан терең әсер алғанын, кейіпкерлердің ішкі драмасы мен тағдыр қайшылығын шынайы қабылдағанын көрсетеді. Яғни спектакль тек эстетикалық әсер қалдырып қана қоймай, рухани толғаныс тудырған.
Келесі талқы қойылымның тәрбиелік және әлеуметтік мәніне арналды. Төмендегі диаграмма нәтижелері студенттердің басым бөлігі спектакльдің тәрбиелік маңызын жоғары бағалағанын көрсетеді. Қатысушылар қойылымның адамгершілік, махаббат, адалдық, отбасылық жауапкершілік және жеке таңдау еркіндігі мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік бергенін атап өткен.
Диаграмма мәліметтері дәстүр мен заманауи құндылықтар арасындағы қақтығыстың жастар тарапынан өзекті мәселе ретінде қабылданғанын дәлелдейді. Бұл шығарманың қазіргі қоғаммен мазмұндық сабақтастығын айқындайды.
ТДМ аясында шығарма мазмұнына сай, «Гендерлік теңдік және әділет мәселесі» бойынша да сұрақтар қойылды. Студенттердің 80-85 пайызы әйел адамның қоғамдағы орны қойылымда әділ әрі шынайы көрсетілген деп есептейді.
Диаграмма нәтижелері әйелдің еркін таңдау құқығы, әлеуметтік қысым және қоғамдық теңсіздік мәселелері студенттерді ойландырғанын көрсетеді. Қатысушылар трагедиядағы гендерлік мәселені қазіргі уақытта да маңызды деп бағалаған. Бұл қойылымның әлеуметтік мазмұнының тереңдігін айқындайды.
Сауалнама соңында студенттердің жеке пікірлері жазылды. Берілген ашық сұрақтарға жауаптарда студенттер басты кейіпкер әрекетіне сыни тұрғыдан талдау жасап, дәстүрлі түсініктер мен заманауи еркіндік ұғымдарының қайшылығын атап өткен. Көпшілігі спектакльдің мәдени және әлеуметтік құндылығын ерекше көрсеткен.
Сауалнама нәтижелері «Қаракөз» трагедиясының студент жастар арасында гендерлік теңдік (ТДМ, 5-мақсат), әділеттілік және тұлғалық еркіндік (ТДМ, 16-мақсат) мәселелерін терең пайымдауға ықпал еткенін дәлелдейді. Қойылым көркем туынды ретінде ғана емес, әлеуметтік ой қалыптастыратын маңызды мәдени құрал ретінде бағаланды.

Әсел ИСМАИЛОВА,
Механика кафедрасының аға оқытушысы