Заңгер кадрлардың дайындығы қаралды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алматы қаласы сотының төрағасы Арман Жүкеновпен кездесу өткізді.
Жүздесуде тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. Әсіресе заң факультетінің студенттерін тәжірибелік даярлауды жетілдіру, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және құқық саласындағы ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүзеге асыру бағыттарына ерекше назар аударылды.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев оқу ордасында білікті заңгер мамандар даярлауға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтіп, білім мен тәжірибені ұштастырудың маңыздылығына тоқталды. Ректордың айтуынша, сот саласының тәжірибелі мамандарымен тығыз байланыс орнату студенттердің кәсіби қалыптасуына оң әсер етеді.

Өз кезегінде Арман Жүкенов сот жүйесінде әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында білікті кадрлардың рөлі ерекше екенін айтып, университетпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі мен тағылымдамалық бағдарламаларға қатысуына қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.

Кездесу соңында тараптар құқықтық мәдениетті арттыру, жастардың құқықтық сауаттылығын нығайту және болашақ заңгерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру бағытындағы серіктестікті жалғастыруға келісті.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі