Алтын Орданың өркениеттік мұрасы сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алтын Орда дүниежүзілік тарихтың бір бөлігі ретінде: тіл, мәдениет және сәйкестік» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Шараның басты мақсаты – Алтын Орданың әлем тарихындағы рөлін, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы жазба ескерткіштер мен мәдениетаралық байланыстарды жаңа әдістемелік тұрғыдан зерделеу.

Ауқымды шарада оқу орнының ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда мұрасын зерделеуге қатысты тұжырымдарына тоқталды. Ректор бұл тарихи кезеңді жаһандық үдерістер аясында, жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан қайта пайымдаудың маңызы зор екенін атап өтті.

Жиын барысында белгілі отандық және шетелдік ғалымдар өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова тіл саясаты мен көптілділікке, Әлеуметтік лингвистика, аударма теориясы және тәжірибесі зертханасының жетекші маманы Ақбота Кенжеқожаева дәуірдің әдеби ескерткіштеріне, Түркітану және алтайтану ҒЗИ жетекші маманы Дина Қанаева Алтын Орда мұрасы мен заманауи бірегейлікке, ал Қолжазбалар зертханасының аға ғылыми қызметкері Аққұралай Ескендір әлемдік тарихнамадағы жаңа интерпретацияларға тоқталды. Сонымен қатар АҚШ-тың Индиана университетінің «Флагман» бағдарламасының студенті Джон Уиллифорд Ұлы Жібек жолындағы тілдік өзгерістер туралы халықаралық тәжірибесімен бөлісті.

Ғалымдардың пікірінше, бұл ғылыми алаң Алтын Орда дәуірі туралы білімді тереңдетіп қана қоймай, бұл мұраны әлемдік гуманитарлық дискурсқа енгізудің стратегиялық тетіктерін қарастыруға мүмкіндік береді.
Семинар аясында докторанттар мен жас зерттеушілер университет басшылығымен кездесіп, болашақ ғылыми ынтымақтастықты талқылады.

Шара ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты мен Әлеуметтік лингвистика зертханасының ұйымдастыруымен, 2024-2026 жылдарға арналған «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге дейін» атты гранттық жоба аясында жүзеге асырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі