Академик Хабиболла Оспанов атындағы зал мен аудитория ашылдыFarabi University

91ý

Академик Хабиболла Оспанов атындағы зал мен аудитория ашылды

30 мамыр 2026
Академик Хабиболла Оспанов атындағы зал мен аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түлектер күнін мерекелеу аясында көрнекті ғалым, ҚР ҰҒА құрметті академигі, химия ғылымының докторы, профессор Хабиболла Құсайынұлы Оспановтың құрметіне арналған атаулы зал мен оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Химия және химиялық технология факультетінің төртінші қабатында орналасқан жаңа білім беру кеңістігі Түлектер күніне орай және университет бітірген меценаттардың демеушілігімен толық жаңартылды. 

Салтанатты шара академик Хабиболла Оспанов атындағы залдың ашылуымен басталып, оның лентасын ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы және академик Мұрат Жұрынов қиды. Шара барысында ақын Аспанбек Шұғатаевтың «Жыр шашу» арнауымен сүйемелденген ғалым бюстінің салтанатты түрде пердесі түрілді. 

Жиында сөз сөйлеген университет ректоры Жансейіт Түймебаев профессор Хабиболла Оспановтың ғылыми мұрасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын және оның отандық ғылым мен жоғары білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Ректор өз сөзінде ғалымның минералдардың еру кинетикасы мен сутек энергетикасы бағытындағы зерттеулері бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отырғанын, ол негізін қалаған ғылыми мектеп көптеген жас ғалымдардың қалыптасуына жол ашқанын тілге тиек етті. Жансейіт Қансейітұлы Хабиболла Құсайынұлының өнегелі өмір жолы мен ғылыми қызметі жастар үшін еңбекқорлықтың, адалдықтың және отаншылдықтың жарқын үлгісі екенін айта келе, бұл атаулы кеңістіктер тек оқу аудиториясы ғана емес, ғылымға деген құрметтің, ұстазға тағзымның және ғылыми сабақтастықтың символы екенін білдірді.

Шара аясында университет басшысы Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлына жоғары білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби алтын медалін» табыс етті.

Салтанатты шара заманауи үлгіде жабдықталған №418 оқу аудиториясының ашылуымен қорытындыланды. Лента қию рәсіміне академиктің балалары мен жақын туыстары қатысты. Профессордың шәкірттері мен жақындарының қолдауымен жүзеге асырылған бұл игі бастама ғалым мұрасын Қазақстанның болашақ химиктері үшін сақтау мақсатын көздейді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі