Түлектер заманауи аудиториялар сыйға тартты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде Түлектер күнін ауқымды мерекелеу аясында «1981 жылғы түлектер» атауын иеленген жаңартылған №301 аудитория мен «1996 жылғы түлектер» атындағы №4 дәріс залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңартылған №301 аудитория жобасы университет бітіргендеріне 45 жыл толған түлектердің қолдауымен іске асырылды. Олардың қатарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Қайрат Мәми, Мұсабек Әлімбеков, Зағипа Балиева және Қазақстанның құқықтық жүйесінің дамуына баға жетпес үлес қосқан басқа да белгілі тұлғалар бар.


Салтанатты рәсімде сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттік дәстүрлер сабақтастығының ерекше маңыздылығын атап өтті. Университет басшысы жылдар өте технологиялар мен оқу бағдарламалары өзгергенімен, түлектердің шынайы ризашылықпен ұштасқан туған университетімен байланысы ешқашан үзілмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұрынғы студенттердің күшімен заманауи материалдық-техникалық базаны қалыптастыру – қоғамға қызмет етудің ең үздік үлгісі.

«Жаңартылған 301-ші аудитория жаңа буын студенттері білім алатын орынға айналады. Мұнда дәрістер оқылып, пікірталастар өтіп, алғашқы ғылыми идеялар туындап, Қазақстанның болашақ заңгерлері қалыптасады. Сондықтан түлектердің жастар үшін білімге, мамандыққа және университет дәстүріне деген құрметке толы кеңістік жасауының символдық мәні зор», – деді ректор.

Мерекелік бағдарлама 1996 жылғы түлектердің қолдауымен жаңартылған №4 дәріс залының ашылуымен жалғасты.

Содан кейін іс-шара қонақтары №9 жатақхана маңында бой көтерген Түлектер аллеясын аралап, ұлы ойшыл әл-Фараби монументіне құрмет ретінде гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысушыларды түрлі жылдардағы түлектер: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Банк омбудсмені Дархан Нұрпейісов, ҚазҰУ Заң факультетінің Азаматтық құқық, Азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, з.ғ. к., профессор Гүлмира Нұрахметова және басқалар құттықтады.

Салтанатты күн ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Түлектер студенттік шақтың ыстық естеліктері қалған орындарды тамашалап, бүгінде әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналған ҚазҰУ кампусын аралады.











Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі