«Газификатор» жобасының тиімділігі неде? — ҚазҰУ

91ý

«Газификатор» жобасының тиімділігі неде?

1 маусым 2026
«Газификатор» жобасының  тиімділігі неде?

Біздің елімізде криогендік жабдықтарды коммерциялық мақсатта әзірлеп, өндіру жұмысы қолға алынбағаны анық. Бұған ҚазҰУ ғалымдарының бастамасы, яғни оқу ор­дасының Криофизика және криотехнологиялар зерт­ханасы жасаған «Газификатор» жобасы ғана белгілі бір деңгейде ерекшелік болып саналады. «Газификатор» деп оқырманның қабылдауына жеңіл болсын деген ниетпен қысқаша атап отырмыз, ал анығында, жоба «Өнеркәсіп кәсіпорындарын сұйық және газ тәрізді азот, оттегі және аргонмен қамтамасыз етуге арналған, қысым мен ағын параметрлерін автоматты түрде реттеу және тұрақ­тан­дыруды жүзеге асыратын жоғары тиімді криогендік жабдықтау жүйесін әзірлеу» деп аталады.

«Ал шетелде осы бағыттағы жұмыстар өте қарқынды жүр­гі­зіледі, өз алдына қалып­тас­қан нарыққа ие. Біздің елі­міз­­ге әзір­­ше ең қолжетімді на­рық – Ресей нарығы. Ре­сейде крио­­­­­ген­дік техника мен жаб­дық­­тар­ды өндіруші негізгі кә­­­сіп­­­орындарға «ГелийМаш» ғы­лыми-өндірістік бірлестігі, «Крио­генмаш» ғылыми-өн­ді­рістік бірлестігі (Мәскеу) және «Сибкриотехника» акционерлік қоғамы (Омбы) жатады. Олар­дың қызметінің негізгі бағыты – ірі габаритті жабдықтар мен қуатты криогендік жүйелерді өндіру. Бұл кәсіпорындар ор­та­ша қуатты жүйелерді де шы­ға­рады, алайда шағын шығын­дар­ға есептелген ми­ни-қондырғыларды сериялық түрде өндірмейді. Дегенмен тиісті тапсырыстар болған жағдайда олар бұл нарық сегментін де қамти алады. Алайда олардың өндірістік үстеме шығындары жоғары болғандықтан, мұндай бұйым­дардың құны айтарлықтай қым­бат», – дейді жоба же­тек­шісі, Криофизика және крио­тех­нологиялар зертханасының меңгерушісі, қауымдас­ты­рыл­ған профессор Әбдірахман Алдияров. 

 

ЖОБАНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ НЕДЕ?

Бұл жоба қажеттіліктен ту­ын­дап отыр. Мәселен, ма­ман­дардың айтуынша, елімізде тамақ өнеркәсібі мен медицина саласындағы көптеген кәсіп­орын­дарды сұйық және газ тә­різді күйде (азот, оттегі, аргон) тұрақты қамтамасыз етуге қа­жеттілік сезіледі. Сонымен қа­тар аргон-доғалы дәнекер­леу­мен айналысатын шағын өн­дірістік цехтар да газ тәрізді ар­гонмен үздіксіз қамтамасыз етілуге мұқтаж.

Әбдірахман Уәліұлының ай­туын­ша, бұл өнімдерді сұйық күй­де жеткізу газ тәрізді күйде (жоғары қысымды баллон­дар­да) жеткізуге қарағанда әлде­қай­да тиімді болып саналады. Қазіргі уақытта Қазақстан на­рығында криогендік сұйық­тық­тарды газдандыруға арналған, берілген параметрлерді (қы­сым, температура) автоматты түрде ұстап тұратын және сұйық фазаны ұзақ уақыт сақ­тау­ға мүмкіндік беретін шағын габаритті (200-300 литрге де­йін) жабдықтар жоқ.

 

 

МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Елдегі кәсіпорындарды газ тәрізді және сұйық күйде (азот, оттегі, аргон) қамтамасыз ету­ге арналған, берілген шығын, қысым және температура мән­дерін автоматты түрде ұстап тұратын шағын габаритті жаб­дықтың конструкциясын әзір­леу және оның жұмыс істейтін тәжірибелік үлгісін жасау. 

Еліміздің минералдық жә­не өсімдіктектес шикі­за­тын крио­ген­дік техноло­гия­лар арқылы өңдеу;

Оттегісіз қорғаныш ор­та­да дә­некерлеу жұмыс­та­ры;

Медициналық мекеме­лер­ді газ тәрізді оттегімен қамта­ма­сыз ету;

Теміржол цистерналарын тазалау;

ылымды қажет ететін са­лалар, оның ішінде нано­тех­­нологиялар – криов­а­куум­дық жабдықтардың жұ­мысын криогендік қам­та­масыз ету, технологиялық жабдықтарда инертті ор­та­ны қалыптастыру.

Мына салалардың дамуына ықпал етеді:

• Қазақстанның мине­рал­дық және өсімдіктектес шикі­за­тын криогендік техноло­гия­лар арқылы өңдеу;

• Құрылыс индустриясының дамуы, соның ішінде құбыр­жол­дар салу кезінде оттегісіз қорғаныш ортада дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу;

• Халыққа медициналық қыз­­мет көрсету саласын д­а­мы­ту – медициналық мекеме­лер­ді газ тәрізді оттегімен қам­тамасыз ету, медициналық процедураларда криогендік технологияларды енгізу (тері ауруларын емдеу, гипотер­мос­трестерапия және т.б.);

• Теміржолда – мұнай, мұ­най өнімдері және фосфор та­сымалдайтын теміржол цис­тер­наларын тазарту;

• Жоғары технологиялар са­ла­сы – ғылымды қажет ете­­­­тін технологиялар, соның ішін­­де нанотехнологиялар: крио­­ва­куумдық жабдықтар­дың жұ­­мысын криогендік қам­та­ма­сыз ету, силан алу, көмірді терең өңдеу, технологиялық реакторларда инертті ортаны қалыптастыру.

 

САПАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ МЕН НЕГІЗГІ ЦИФРЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Дамыған елдерде көптеген газ түрлерін, соның ішінде азот­­ты, аргон мен оттегіні тұ­ты­­нушыларға жеткізу көбіне сұйытылған күйде жүзеге аса­ды. Мамандардың айтуын­ша, бұл тасымалдау шығын­да­ры мен қауіпсіздік техникасы тұрғысынан ең үнемді әрі тиім­ді тәсіл болып саналады. Бүгінде біздің елімізде, атап айтқанда медициналық меке­ме­лерді оттегімен қамтамасыз ету көбіне газды жоғары қы­сым­ды баллондарда жеткізу ар­қылы іске асады.

Жоба аясында пайдала­ну­шылардың тұтыну желісінде тікелей сұйық оттегіні газдан­ды­руға мүмкіндік беретін жаб­дықты әзірлеу және оны жасау үшін қажетті техникалық құ­жат­таманы дайындау қарас­ты­рылды. Мұндай мәселелер құ­рылыс ұйымдарын дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу бары­сын­да газ тәрізді аргонмен қам­та­масыз ету кезінде, сондай-ақ соңғы өнім сақталатын ыдыс­тар­дан оттегіні ығыстыру үшін сұйық және газ тәрізді азотты пайдаланатын тамақ өнер­кә­сі­бі кәсіпорындарында да кез­де­седі.

Көп жағдайда кәсіпорын­дар криогендік сұйықтық­тар­ды және олардың газ фа­за­ла­рын белгілі бір қысым, тем­­пература және шығын ара­лығында пай­да­ланады. Осыған байланысты жоба аясында тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарынан бастап, ме­ди­циналық мекемелерге дейін кең ауқымда қолдануға бола­тын базалық модуль ретінде пайдаланылатын жабдықтың конструкциясын әзірлеу және оның жұмыс істейтін үлгісін жасау көзделді.

Алдын ала жүргізілген зерт­­теулерге сәйкес, әзір­лен­ген жүйе­нің негізгі параметрлері төмендегі орташа мәндерге сәйкес болуы тиіс:

Сұйық өнімнің көлемі – 300 литрге дейін. Әдетте бұл өн­ді­рістік желілердің бір ауысым­нан (8 сағат) үш ауысымға де­­йін үздіксіз жұмыс істеуін қам­­тамасыз етеді.

Сұйық өнімнің шығыны – көп жағдайда сағатына 50 ли­трден аспайды.

Газ тәрізді өнімнің шығыны – кейбір жағдайларда, мысалы, өздігінен жабысатын өнімдерді өндіру кезінде, сағатына 50 қалыпты текше метрге дейін жетуі мүмкін. Негізінен, бұл көрсеткіш буландырғыштың қуаты арқылы анықталады.

Жұмыс қысымы – 12 атмос­фе­радан аспайды.

Осылайша ұсынылып отыр­ған жоба еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өнімділігі төмен, бірақ құны салыс­тыр­малы түрде қолжетімді шағын криогендік жабдықтарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

 

ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҒЫ

Мәселені кешенді түрде ше­шуге арналған, яғни өн­ді­рісті криогендік сұйық агент­тер­мен де, оларды газ фаза­сы­мен де қамтамасыз ете алатын жабдық әзірлеу. 

Бұл ретте өндірістің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыс параметрлерін белгілі бір кең аралықта өзгерту ар­қы­лы тұрақты деңгейде ұстап тұ­ру қарастырылды. Осы мақ­сат­та буландырғышқа түсетін сұйықтық мөлшері мен төмен температуралы реттеу клапа­ны­ның қозғалысы арасындағы теріс кері байланысқа негіз­дел­ген реттеу жүйесі жүзеге асады. 

Гүлзат&Բ;

НҰРМОЛДАҚЫЗЫ