Оқу аудиториясы түлектердің қолдауымен жаңартылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Түлектер күнінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде жаңа оқу аудиториясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аудитория факультет түлегі, «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламасының магистранты Ислам Әбдімәжиттің қолдауымен жабдықталды. Жобаға M9 Projects & Investments компаниясы демеушілік көрсетіп, заманауи талаптарға сай оқу кеңістігін қалыптастыруға үлес қосты.
Бұл бастама жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап қана қоймай, олардың кәсіби дамуына да оң әсерін тигізеді.

Салтанатты рәсім барысында ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің басшылығы түлектердің университет өміріне белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті. Түлектердің қолдауымен жүзеге асқан әрбір жоба білім сапасын арттыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және студенттердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда жаңа оқу кабинеті білім мен тәжірибенің сабақтастығын көрсететін маңызды нысанға айналды.

Іс-шара барысында қонақтар факультеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен де танысты. Олар зертханаларды аралап, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары туралы ақпарат алды.
Атап айтқанда қатысушылар еліміздегі алғашқы портативті кванттық компьютерді әзірлеумен айналысатын Quantum AI зертханасының жұмысымен танысты. Зертхана мамандары жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулердің ерекшеліктері туралы баяндады.
Кездесу барысында түлектер студенттермен еркін форматта сұхбат құрып, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар