ҚазҰУ-да қабылдау комиссиясының жұмысы басталды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да қабылдау комиссиясының жұмысы басталды

1 маусым 2026
ҚазҰУ-да қабылдау комиссиясының жұмысы басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қабылдау комиссиясы ресми түрде өз жұмысын бастады. ҚазҰУ жаңа оқу жылында білім мен ғылымға ұмтылған жастарды қабылдауға дайын.

2026-2027 оқу жылына құжат қабылдау рәсімінің ашылу салтанатына Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Алина Галеева қатысып, қабылдау комиссиясының жұмысына тоқталды. Өз сөзінде проректор талапкерлерге сапалы әрі тиімді қызмет көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, талапкерлерге сәттілік тіледі. 

Университеттің оқуға қабылдау кеңсесі жыл басынан бері республика көлемінде ауқымды кәсіби бағдар беру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған жұмыстар еліміздің барлық өңірін қамтып, талапкерлерге білім беру бағдарламалары, жаңа мүмкіндіктер мен жоғары оқу орындарына қабылдау шарттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынуға бағытталды. 

Проректор Алина Галеева қабылдау комиссиясының жұмысы ресми түрде басталғанын атап өтіп, оқу ордасында талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты. Биылғы түлектердің басым бөлігі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдайтынына сенім білдіріп, қабылдау комиссиясының барлық мүшелеріне жауапты науқанда сәттілік тіледі.

Биыл білім беру бағдарламасының құрылымы бакалавриат деңгейінде «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру», «Халықаралық экономикалық қатынастар», «Қоғаммен байланыс», «Жылу энергетикасы, «Математикалық және компьютерлік модельдеу»  және «Сәулет» бағытымен толықты. 

Қабылдау комиссиясы күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, ал сенбі күндері 09:00-ден 14:00-ге дейін жұмыс істейді. Комиссия құрамына факультет мамандары, тәжірибелі оқытушылар және декан орынбасарлары кіреді. Олар талапкерлерге бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша жан-жақты кәсіби кеңес беріп, қажетті ақпарат ұсынады.

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Қарлығаш Боранқұлова талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында комиссия мүшелері онлайн және офлайн форматта сапалы әрі жедел қызмет көрсететінін жеткізді. 

Талапкерлердің уақытын үнемдеу және қабылдау жұмысын жеңілдету үшін электрондық кезек жүйесі енгізілген. Бұл жүйе құжат тапсыру барысында кезектің реттелуіне, қызмет көрсетудің тиімді әрі ашық ұйымдастырылуына мүмкіндік береді. 

ҚазҰУ-дың оқу бағдарламалары туралы толық ақпаратты университеттің ресми сайтынан farabi.university.kz алуға болады. Өзекті жаңалықтар мен хабарламалар күн сайын сайтта және әлеуметтік желі @kaznu_talapker парақшаларында жарияланады.

Құжаттар ҚазҰУ кампусында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында, Әл-Фараби даңғылы, 71/21 мекенжайында қабылданады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі