ҚазҰУ түркітанудың маңызды алаңына айналды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ түркітанудың маңызды алаңына айналды

2 маусым 2026
ҚазҰУ түркітанудың маңызды алаңына айналды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ІІІ халықаралық ғылыми-әдістемелік «Аманжолов оқулары – 2026» конференциясы өтті. Ауқымды ғылыми форум түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың рухына арналды. Шарада Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Польша, Ресей және басқа да елдердің жетекші ғалымдары бас қосты. 

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашты. Өз сөзінде проректор профессор Алтай Аманжоловтың ұлттық тіл білімінің қалыптасуындағы ерекше рөлін атап өтті. Жалпы тіл білімі кафедрасын басқарған әрі көптеген зерттеушілер буынын тәрбиелеген профессор Аманжолов қалыптастырған зияткерлік дәстүрлерді мақтан тұтатынын, «Аманжолов оқулары» халықаралық түркітану қауымдастығындағы маңызды ғылыми алаңға айналғанын жеткізді.

«Алтай Сәрсенұлының мұрасы тілдік үдерістер мен тарихи дамуды зерттеудегі кешенді көзқарасты қамтиды. Бүгін біз ғалымды еске алып қана қоймай, оның көне түркі жазба ескерткіштерінің тарихына арналған іргелі еңбектеріне сүйене отырып, түркітанудың әдіснамалық көкжиегін кеңейтудеміз», – деді Марғұлан Ибраимов.

Конференцияда Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Исмаил Бабақұлов, Саадат Шерматова сөз сөйледі. 

Конференцияның ғылыми бағдарламасы мазмұнды баяндамалармен ерекшеленді. Профессор Элеонора Сүлейменова «С.Аманжолов пен А.Аманжолов мұрасы және тіл білімінің қолданбалы міндеттері» атты баяндамасында ғалымдар еңбектерінің қазіргі лингвистика үшін практикалық маңызын ашып көрсетті. Польшадан келген ғалым Якуб Адамяк Олжас Сүлейменов поэзиясының көшпелі жады феномені ретіндегі ерекшеліктеріне арналған баяндама жасады.

Пленарлық мәжіліс профессор Нұрсұлу Шаймерденованың түркітанудағы академиялық жады мен ұрпақтар сабақтастығына арналған баяндамасымен қорытындыланды. Онда ғалым В.Д.Аракиннің дәрістерінде қалыптасқан ғылыми дәстүрлерге ерекше назар аударды.

Конференция барысында 2025-26 жылдары жарық көрген бірегей басылымдардың тұсаукесері өтті. Олардың қатарында лингвистика саласына арналған үш тілдегі сөздік пен қазақ хандарының хаттары жинағы бар.

Секциялық отырыстарда тілдердің морфемалық құрылымын салыстырмалы зерттеу мәселелерінен бастап, жасанды интеллект дәуіріндегі мәдени-білім беру кеңістігінің өзекті сұрақтарына дейінгі тақырыптар қамтылды. Форум қолжазба мұрасын сақтау және ғылымды жаһандық цифрлық кеңістікке ықпалдастыру перспективаларын талқылаумен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі