ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары әлемдік көрсеткіште жоғарылады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары әлемдік көрсеткіште жоғарылады

4 маусым 2026
ҚазҰУ-дың ғылыми журналдары әлемдік көрсеткіште жоғарылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми басылымдары халықаралық деңгейдегі өз позицияларын нығайтуды жалғастыруда. 

2026 жылғы жаңартылған көрсеткіштер бойынша университеттің Scopus халықаралық дерекқорында индекстелетін төрт ғылыми журнал, атап айтқанда: «KazNU Bulletin. Mathematics, Mechanics and Computer Science Series», «Physical Sciences and Technology», «International Journal of Mathematics and Physics», «International Journal of Biology and Chemistry» Q3 квартиліне өтті.

Аталған жетістік журналдардың ғылыми сапасы, редакциялық саясаттың тиімділігі және халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл нәтиже редакциялық алқалардың, рецензенттердің, авторлардың және университеттің ғылыми қауымдастығының бірлескен еңбегінің жемісі.

Сонымен қатар бұл көрсеткіш университетіміздің докторанттары үшін де маңызды мүмкіндік. Scopus дерекқорында индекстелетін ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар докторанттардың диссертациялық жұмыстарын қорғап шығуы үшін қажетті жарияланымдық талаптарды орындауға ықпал етеді.

Сондай-ақ ҚазҰУ-дың «Journal of Problems in Computer Science and Information Technologies» журналы беделді «Directory of Open Access Journals (DOAJ)» халықаралық дерекқорына қабылданды. Бұл журналдың ашық ғылым қағидаттарына сәйкестігін, редакциялық үдерістерінің сапасын және халықаралық ғылыми стандарттарға сай дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылыми басылымдардың халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін арттыру және олардың жаһандық ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.

Айта кету керек, бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және пәнаралық зерттеулерді қамтитын 28 ғылыми журнал шығады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі