Омбы филиалының студенттері ресейлік компанияда тәжірибеден өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы Ресейдегі инжинирингтік қызмет бағытындағы ОНХП компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Аталған келісім білім беру үдерісінде тәжірибеге бағдарланған тәсілді дамытуға және заманауи өнеркәсіптің сұранысына толық жауап беретін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған. 
Құжат филиал студенттері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Енді білім алушы жастар инженерлік компанияның құрылымдық бөлімшелерінде тағылымдамадан өтіп, ауқымды өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қатыса алады. Сондай-ақ саланың жетекші сарапшыларымен тікелей тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай серіктестік білім беру бағдарламаларына өндірістегі озық тәжірибелерді енгізуге және түлектердің студенттік ортадан кәсіби қызметке сәтті бейімделуіне жағдай жасайды.

Омбыдағы филиалдың директоры Мұрат Жанғазиев серіктестіктің келешегі туралы ой бөлісіп, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын таныстырды. «Қазіргі таңда білім беру жүйесін технологиялар мен инновациялардан бөліп қарастыру мүмкін емес. Осы келісімнің арқасында студенттеріміз жетекші инженерлік компанияда нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысып, бірегей тәжірибе жинақтайды. Мұндай тәжірибе түлектеріміздің халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Біз бұл әріптестікті ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастауы деп санаймыз. Алдағы уақытта құқықтану, экономика және заманауи инженерлік міндеттерді тоғыстыратын пәнаралық жобалар мен жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мұрат Жанғазиев.

Өз кезегінде жобалау институтының бас директоры, Омбы облысының Заң шығару жиналысының депутаты Игорь Зуга аталған келісімге қол қою Еуразиялық интеграция аясындағы өнеркәсіптік және технологиялық егемендікті нығайту бағытын жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі