ҚазҰУ мен Шоқан Уәлиханов мектебі ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Shoqan мектебі білім беру, ғылым және тұрақты даму саласындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Негізгі мақсат университет пен мектеп арасындағы білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың зерттеу мәдениетін дамытуға, оларды ғылыми және жобалық қызметке тартуға бағытталған. Сондай-ақ Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге бағытталған ұзақ мерзімді және тиімді өзара іс-қимылды қалыптастыру көзделген.

Кездесуге қатысушыларды құттықтай отырып, ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева бұл бастаманың стратегиялық маңыздылығын атап өтті: «Бүгін біз Қазақстанның жоғары және орта білімінің әлеуетін біріктіру жолында маңызды қадам жасап отырмыз. Осы меморандумға қол қою қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне жауап беруге, әлеуметтік жағынан табысты тұлғаларды тәрбиелеуге арналған орта құруға бағытталған. Жастар күрделі инженерлік міндеттердің стандартты емес шешімдерін табуды үйренеді. Математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша алған білімдерін практикада қолдана алады», – деді проректор.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің орта және жоғары буын директоры Бахадир Рисметов мұндай ынтымақтастық болашақ түлектердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, ҚазҰУ базасында алынған практикалық тәжірибе жаңа буын түлегін – зерттеушіні, ғалымды және жоғары білікті маманды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында тараптар бірлескен зерттеулерді, ғылыми-білім беру іс-шараларын, конференцияларды, форумдарды, олимпиадаларды, конкурстарды және инновациялық жобаларды ұйымдастыру үшін өздерінің интеллектуалдық, ғылыми және білім беру ресурстарын біріктіруді жоспарлап отыр. Оқушылардың экология, тұрақты даму, инженерия, цифрлық және биотехнологиялар саласындағы құзыреттіліктерін дамытуға ерекше назар аударылады.

Меморандумға сәйкес, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Shoqan мектебіне білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, ғылыми-зерттеу және жобалық қызметті ұйымдастыруға, университет оқытушыларының, зерттеушілері мен студенттерінің қатысуымен дәрістер, шеберлік сыныптары мен практикалық сабақтар өткізуге көмек көрсететін болады.

Әріптестіктің маңызды бағыты мектеп базасында университет оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен үйірмелер, факультативтер мен ғылыми шаралар өткізіледі. Сонымен қатар мектеп тарапы ҚазҰУ студенттерінің педагогикалық практикасын ұйымдастыруға жәрдемдеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі