Мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызы түсіндірілді — ҚазҰУ

91ý

Мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызы түсіндірілді

4 маусым 2026
Мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызы түсіндірілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік белгісі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Химия және химиялық технология факультетінің бастамасымен өткен тағылымды шараға оқытушы-профессорлық құрам, ғалымдар, қызметкерлер мен студенттер белсене қатысты.

Басты мақсат – жастардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, олардың тарихи және рухани маңызын насихаттау, сондай-ақ патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру. 

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындаумен басталды. Шара барысында Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің нышаны болып саналатын Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Арнайы дайындалған бейнематериалдар арқылы мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихы, олардың мән-мағынасы мен қоғам өміріндегі орны кеңінен түсіндірілді.

Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың еңбектері таныстырылды. Сонымен қатар Елтаңбадағы шаңырақ, уықтар мен қанатты пырақтардың халық бірлігі мен елдің болашаққа ұмтылысын бейнелейтіні айтылды.  

Мемлекеттік Ту туралы бөлімде оның авторы Шәкен Ниязбековтің шығармашылық еңбегі сөз болып, тудың көгілдір түсі бейбітшілік пен ашық аспанды, алтын күн мен қыран құс еркіндік, өркендеу және жарқын болашақ идеясын білдіретіні түсіндірілді. 

Іс-шара аясында патриоттық әндер мен күйлер орындалып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі