ҚазҰУ докторантының мақаласы әлемдік ғылыми рейтингте үздік атанды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ докторантының мақаласы әлемдік ғылыми рейтингте үздік атанды

5 маусым 2026
ҚазҰУ докторантының мақаласы әлемдік ғылыми рейтингте үздік атанды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Қарлығаш Адамова халықаралық деңгейдегі жетістікке қол жеткізді. Оның Smart Learning Environments халықаралық ғылыми журналында жарияланған Intelligent educational technologies in individual learning: a systematic literature review атты ғылыми мақаласы Web of Science деректер базасының мәліметі бойынша әлеуметтік ғылымдар саласындағы әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілген зерттеулердің үздік 1 пайызына енді. 

Зерттеу жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім алушыларға арналған дербестендірілген білім беру траекторияларын құру мәселесіне арналған және әлемдік ғылыми қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қысқа уақыт ішінде мақала мыңдаған бәсекелес халықаралық зерттеулерді басып озып, жоғары деңгейде дәйексөзделді. Зерттеу Highly Cited Paper мәртебесіне ие болды. Бұл жас зерттеуші үшін сирек кездесетін жетістік әрі Қазақстандағы ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Бұл маңызды нәтиже профессор Н.Керімбаевтың ғылыми мектебінің арқасында мүмкін болды. Оның жетекшілігімен докторанттар халықаралық ғылыми кеңістікке белсенді түрде кірігіп, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді жүзеге асыруға қатысуда.

Қарлығаш Адамованың жетістігі ҚазҰУ жас ғалымдарының жоғары әлеуетін дәлелдеп, университеттің жаһандық академиялық аренадағы беделін нығайта түседі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі