ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ПӘКІСТАНДЫҚ ПРОФЕССОР РАБ НАВАЗ ЛОДХИМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2026 жылғы 5 маусымда Шығыстану факультетінде Пәкістанның көрнекті ғалымы, Пенджаб университетінің профессоры, Калифорниядағы Virscend университетінің аға ғылыми қызметкері доктор Раб Наваз Лодхимен кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту, зерттеу саласындағы тәжірибе алмасу және болашақ академиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылау болды. Мұхаммед Әли Джинна атындағы дәрісханада өткен бұл жиынға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға-оқытуышларымен урду тілі бөлімінің 1-2 курс студенттері қатысты.
Өз кезегінде урду тілі бөлімінің студенттері қонақ ғалыммен еркін пікір алмасып, Пәкістанның білім беру жүйесі, ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттары және академиялық мүмкіндіктер жөнінде сұрақтарын қойып, құнды мәліметтер алды. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістанның жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелерін талқылады. Шығыстану факультетінің урду тілі бөлімі мен Пенджаб университеті арасында бұған дейін де ғылыми-академиялық байланыстар қалыптасқан. Екі жоғары оқу орны білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында өзара тәжірибе алмасып келеді. Доктор Раб Наваз Лодхидің сапары осы әріптестікті одан әрі нығайтуға және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Шығыстану факультеті доктор Раб Наваз Лодхиге университетке жасаған сапары, мазмұнды дәрістері және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді. Бұл кездесу екі елдің ғылыми қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен әріптестікті нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам болды.
Басқа жаңалықтар