ҚазҰУ-да француз-қазақ жазғы мектебі жұмысын бастады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ-да француз-қазақ жазғы мектебі жұмысын бастады

8 маусым 2026
ҚазҰУ-да француз-қазақ жазғы мектебі жұмысын бастады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінде «Спутниктік альтиметрия және интерферометрияны қолдана отырып, жерүсті суларын бақылау» тақырыбында халықаралық француз-қазақ жазғы мектебі өтуде. 

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті мен Франция ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұлттық ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Жазғы мектеп мамандарды, жас ғалымдарды, оқытушылар мен білім алушыларды спутниктік технологиялар негізінде өзендер, көлдер және суқоймаларындағы су деңгейін бақылау мен гидрологиялық өзгергіштікті талдаудың заманауи әдістерімен таныстырады.

Шараға ҚР  Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ионосфера институтының, Тұран университетінің өкілдері, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Метеорология және гидрология кафедрасының оқытушылары, жас зерттеушілері мен ғалымдары қатысып жатыр. 

Үш күндік бағдарлама аясындағы дәрісті доктор Жан-Франсуа Крето оқиды. Ол – CNES (Францияның Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы) сарапшы-инженері, LEGOS (Геофизика және океанография саласындағы ғарыштық зерттеулер зертханасы) директорының орынбасары, ESA CCI Lakes жобасының ғылыми жетекшісі және NASA/CNES «Citizen Science» жобасының тең жетекшісі. Оның жетекшілігімен Ресей, Орталық Азия және Кавказ елдерінде, Чад, Мадагаскар, Чили, Бразилия және Үндістан мемлекеттерінде ғарыштық гидрология саласындағы көптеген халықаралық жобалар жүзеге асырылған.

Білім беру бағдарламасы теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады. Дәрістер барысында гидрологиялық өзгергіштікті зерттеу мәселелері, оның дамуының қазіргі үрдістері, сондай-ақ радарлық альтиметрия әдістері мен SWOT миссиясы арқылы алынған спутниктік деректерді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылады. Тәжірибелік бөлім жерүсті суларын мониторингтеуге арналған Жерді қашықтықтан зондтаудың инновациялық құралдарын қолдануға бағытталған.

Қатысушылар спутниктік деректерді гидрологиялық модельдерге біріктіру әдістерін меңгеріп, климаттың өзгеруінің су нысандарына әсерін бағалау тәсілдерін зерттейді. Бұған қосымша, көлдер мен өзендердің биіктігін, ауданын және көлемін анықтау үшін SWOT миссиясының деректерін өңдеу бойынша тәжірибелік дағдыларға ие болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі