ҚазҰУ ғалымдары QS EduData Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Сингапурда өткен QS EduData Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты.
Ауқымды іс-шара жоғары білім беру, цифрлық трансформация және деректерді талдау салаларындағы әлемнің жетекші сарапшылары мен университет басшыларын бір алаңға жинады.

ҚазҰУ делегациясының құрамында механика-математика факультетінің деканы Мәдина Мансұрова, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов, сондай-ақ Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма бар.
Саммит аясында қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру үдерістеріне енгізудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ дағдылар мен құзыреттерді интеллектуалды талдау, студенттердің академиялық үлгерімін арттыру және университеттердің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сарапшылар білім беру сапасын арттыру мақсатында білім беру аналитикасы мен цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар ғылыми зерттеулерді қолдаудың жаңа құралдары және деректерге негізделген жоғары оқу орындарын басқару жүйесін жетілдіру жолдары талқыланды.
Халықаралық форумға қатысу ҚазҰУ ғалымдарына білім беру аналитикасы саласындағы әлемдік озық тәжірибелермен танысуға, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстарын кеңейтуге және университеттің білім беру, ғылыми және басқарушылық қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Алынған білім мен тәжірибе ҚазҰУ-дың цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға, білім беру үдерістерінің тиімділігін арттыруға және университеттің халықаралық академиялық кеңістіктегі беделін нығайтуға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар