ҚазҰУ стартаптары халықаралық форумда жеңіске жетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен жас зерттеушілері медицина және онкология саласындағы Еуразиялық цифрлық зияткерлік шешімдер форумында жүлделі орындар мен арнайы марапаттарға ие болды.
Ауқымды іс-шара жас зерттеушілерді, инновациялық технологияларды әзірлеушілерді, медицина қауымдастығының өкілдерін және цифрлық денсаулық сақтау саласындағы сарапшыларды біріктірді.

Форум аясында медицина, онкология, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы перспективалық әзірлемелерді анықтауға және қолдауға бағытталған стартап-жобалар байқауы ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықтарға ие болды: бірінші орын үшін – 150 000 теңге, екінші орын үшін – 100 000 теңге, үшінші орын үшін – 70 000 теңге. Сонымен қатар әрқайсысы 30 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы тағайындалды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен жас ғалымдары стартап-жобалар байқауының жүлдегері атанып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Стартап-жобалар байқауының қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері келесі орындарды иеленді: Әлия Джемал (Phytopharm) – 1-орын, Мұхаметжан Айтқазин (Cervica) – 2-орын.

Сонымен қатар университет жобалары арнайы номинациялар бойынша марапатталды: «Медицинадағы үздік экологиялық идея» – Мирас Мұқажан (OmniHisto), «Көрермендер көзайымы» жүлдесі – Абдулазиз Абдукаримов (AmanAI), «Цифрлық медицинаның болашақ көшбасшысы» – Мұрат Болысбек (AlfaBrain), «Үздік топтық жоба» – Сандуғаш Тұрмахан (Embico AI).
Жеңімпаздарды лайықты марапаттарымен құттықтай отырып, табыс тілейміз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар