Шетелдік серіктестер ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасына жұмыс сапарымен келген Цзянсу провинциясы Білім департаментінің бас директоры Цзян Юн және Сучжоу университетінің президенті Чжан Цяо бастаған делегациямен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Тараптар робототехника саласындағы серіктестікті арттыру және ортақ жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы серіктестіктің стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланыс күн санап дамып келе жатқанын айтты. Соның дәлелі ретінде ҚазҰУ базасында қытайлық компаниялар және университеттермен бірлесіп ашылған ғылыми орталықтар мен зертханалар жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту басты басымдықтардың бірі. ҚазҰУ-ға сапарларыңыз екі университет арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп сенемін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашық диалогқа, бірлескен зерттеулерге және студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейтуге дайын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде Цзянсу провинциясы Білім департаментінің бас директоры Цзян Юн Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, ҚазҰУ мен Сучжоу университеті арасындағы байланыстардың болашағы зор екеніне сенім білдірді. «Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Бірлескен бағдарламалар мен ғылыми жобалар екі елдің жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Цзян Юн.

Жүздесу барысында Сучжоу университетінің президенті Чжан Цяо ілтипат білдіргені үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-мен жасанды интеллект, робототехника саласы бойынша жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.

Келіссөз соңында тараптар ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар