Efekta компаниясы ҚазҰУ-дың негізгі даму бағыттарымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева халықаралық Efekta компаниясының делегациясымен кездесті.
Қонақтар университет мұражайын аралап, оқу орнының бай тарихымен, ғылыми жетістіктерімен және даму бағыттарымен танысты. Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту, білікті мамандар даярлау және заманауи білім беру шешімдерін енгізу мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева университеттің халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын және білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық екенін атап өтті.
Бұгінде жаңа буын мамандарын даярлау үшін жоғары оқу орындары мен бизнес қауымдастығының әлеуетін біріктіру аса маңызды. Біз студенттердің заманауи білім алып, практикалық дағдыларды меңгеруіне және халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін жобаларды қолдаймыз», – деді Алина Галеева.

Efekta компаниясы атынан кездесуге аға вице-президент Бен Хоуп, Орталық Азия бойынша өңірлік директор Лайла Бегжанова және Artisan Education компаниясының коммерциялық директоры Абай Кәкімбек қатысты.
Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бірлесіп пысықтауға дайын екендерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызмет
Басқа жаңалықтар