ҚазҰУ құқық саласында Қытай университетімен ортақ жобаны іске асырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректордың міндетін атқарушы Самғат Ермекбаевтың Шығыс Қытай саяси ғылымдар және құқық университетінің (ECUPL) проректоры Юй Сяохао бастаған делегациямен кездесуі өтті.

Қонақтарды қарсы алған Самғат Ермекбаев жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық бүгінде мемлекеттерді жақындастыратын маңызды тетікке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ҚазҰУ білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуда заманауи цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп, инновациялық зертханалар желісін қалыптастыру арқылы халықаралық әріптестікке қолайлы орта құрып келеді.

Бірінші проректордың міндетін атқарушы екі университет арасындағы байланысты одан әрі тереңдетудің маңыздылығына тоқталып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейту өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Шығыс Қытай саяси ғылымдар және құқық университетінің проректоры Юй Сяохао әріптестікті дамытуға жоғары қызығушылық танытатындықтарын жеткізді. Ол университеттің тарихы мен жетістіктері туралы баяндап, оқу орнының құқықтық білім беру саласындағы жоғары беделіне тоқталды. Қытайлық жоғары оқу орны халықаралық академиялық ортада «Шығыстың заңгерлік білім беру інжу-маржаны» ретінде танымал.

Сондай-ақ құрметті қонақ дарынды жастармен алмасу бағдарламаларын дамытуға, құқықтық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардағы бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, қосдипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, құқық және жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық симпозиумдар мен жазғы мектептер ұйымдастыру бағыттарын жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар