«Таза Қазақстан» акциясы аясында ҚазҰУ студенттері табиғи аумақтарды тазалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Іле және Күнгей Алатауы аумағында ұйымдастырылған I санаттағы оқу-жаттығу жорығын сәтті аяқтады.

Екі апта бойы студенттер таулы аймақ жағдайында тәжірибелік даярлықтан өтіп, туристік жорықтарды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі қағидаларын меңгерді. Жорық барысында болашақ туризм мамандары туристік техника мен тактиканың негіздерін игеріп, табиғи ортада қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бағдарлау, лагерь ұйымдастыру және туристік-рекреациялық ресурстарды ұтымды пайдалану мен сақтау мәселелері бойынша білімдерін жетілдірді.

Студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта студенттер «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы туристік соқпақтар мен маршруттарды тазалау жұмыстарына белсенді қатысты. Экологиялық акция Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалында, Табан-Қарағай орманшылығындағы Далашық үстіртінде және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өткізілді.

Табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері қатысушыларға экологиялық қауіпсіздік пен табиғи мұраны сақтау мәселелері бойынша арнайы нұсқаулық жүргізді. Тазалық жұмыстары аяқталғаннан кейін ұлттық парктердің өкілдері студенттердің табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігін жоғары бағалап, олардың қоршаған ортаны қорғау ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар